ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Көлгінов өңірге жұмыс сапары кезінде Алматы облысында мемлекеттік бағдарламалардың, сондай-ақ туризмді дамыту жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен танысты. ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Премьер-Министрдің орынбасары Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінің №1 орта мектебінде болып, оның ұжымымен кездесті. 2017 жылы салынған оқу орнының жобалық қуаты 600 оқушыға есептелген, алайда мұнда үш ауысыммен 1660 бала білім алуда.
Мұғалімдермен кездесуде қазіргі педагогтің шамадан тыс жүктемесі – тестілеу, қосымша білім беру, артта қалған оқушылармен жұмыс, жоба жұмыстары, олимпиадалар өткізу, көпшілік мұғалімнің бұған қоса сынып жетекшілігі бар екендігі жайлы мәселе көтерілді. Математика, физика, химия, биология сыныптарына қажетті құрал-жабдық жетіспейді.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, үшауысымды мектеп мәселесін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы есебінен 3 жыл ішінде шешуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, басқа да қаржыландыру көздерін іске қосқан абзал. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен мектеп санын көбейтуге болады.
Қазіргі таңда Алматы облысында 130 мың оқушыға арналған 60-тан аса жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Үш жыл ішінде республикада барлығы 500-ден астам мектеп салынады, бұл 52 апатты жағдайдағы және 140 үшауысымдағы білім беру мекемесінің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді.
«Тәжірибелі педагогтер Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде мұғалімдерге арналған біліктілік тестілеуінің негізсіз күрделі екенін атап өтті, осы орайда Оқу-ағарту министрлігі оның мазмұнын қайта қарайды. Дегенмен, бұл мәселеде тепе-теңдікті табу қажет, өйткені басты міндет – ауыл мектептеріндегі балалардың білім сапасын қалалық деңгейге дейін көтеру», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтудың маңызы зор. Алматы облысындағы мектептердің 1-4 сынып оқушылары 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап түскі аспен қамтамасыз етіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде «Аманат» партиясының сайлауалды тұғырнамасында келесі жылдан бастап ауылдық жерлерге баратын мұғалімдердің жәрдемақылары 1,5-2 млн-нан 10 млн-ға дейін көтеріледі, сонымен қатар оларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша да көмек көрсетіледі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеп жатқан жобаға сәйкес тұрғын үй құнының 50%-ын мемлекет есебінен субсидиялау жоспарланып отыр. Бағдарлама қабылданған кезде оның шарттары жас мамандардың ауылға баруына жақсы түрткі болады», — деп атап өтті вице-премьер.

Comments