top of page
Search

Үкімет отырысында балалардың жазғы демалысты қалай өткізетіні туралы айтылды

Үкімет отырысында биылғы оқу жылының қорытындысы және балалардың жазғы демалысты қалай өткізетіні туралы айтылды. ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Бірнеше күннен кейін 3,7 миллион оқушы үшін 2022-2022 оқу жылы аяқталады. Олар жазғы каникул кезінде 90 күн демалады.

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Еліміздің барлық оқушылары оқу жылының аяқталуы мен жазғы каникулды асыға күтуде.


Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, министрліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – биылғы оқу жылын табысты аяқтау және балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруын сапалы ұйымдастыру, әрі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету.

Осы жылдың жаңалығы – елімізде оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады.


Бұл шешімге негіз болған себептер:

  • балалардың өз отбасымен бірге көбірек уақыт өткізуін сұраған ата-аналар өтініштері ескеріліп, оқушылар бес күндік оқу аптасына көшті;

  • жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсыныстары қабылданды;

  • оқу аптасының ұзақтығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендірілді.

Егер әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде оқу жылы 40 аптаны құрайды. Осыған орай әлем оқушылары жазғы каникулда 77 күн ғана демалса, біздің оқушылар үшін 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленген.

Оқу жылы Қазақстан мектептерінің 3,7 млн астам оқушысы үшін аяқталады. 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді, оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 6,8 мың.


Оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны 1 маусымда – Балаларды қорғау күнін мерекелеу аясында өткізу жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты табыстау осы жылдың 20-22 маусым аралығында өтеді. Қорытынды емтихандар 9-сыныптарда төрт пәннен 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектері үшін бес пәннен маусымның 5-і мен 19-ы аралығында өтеді.


Жазғы уақыттағы маңызды жұмыстардың бірі – балалардың демалысы мен оларды сауықтыру шараларын ұйымдастыру.

Жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныптар аралығындағы балардың 85,3%-ы қамтылатын болады, бұл – 2,8 млн бала. Оның ішінде жекелеген санаттағы отбасылардан 500 мың бала бар.

«Қазіргі таңда лагерлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр, ол аяқталуға жақын. Каникулды асыға күткен балаларымызға 218 қала сыртындағы және 10,2 мың мектеп жанындағы, бейінді және шатыр лагерьлер есігін айқара ашатын болады», — деді оқу-ағарту министрі.

Бұдан бөлек оқушыларға дәстүрлер мен мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептері жұмысы көзделген.


Сонымен қатар жаз мезгілінде 1,4 млн бала қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелерге қатысады. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы 11 мың үйірме жұмыс істейді.


Балалар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандырумен шұғылданады, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды, спорттық жаттықтыру жиындарында шынығады, тілдік курстармен қамтылады.


ҚР Премьер-Министрінің балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы өкімін орындау мақсатында тиісті мемлекеттік органдар төмендегі шараларды қабылдауы қажет:

  • денсаулық сақтау министрлігі демалыс объектілерінің дайындығын тексеріп, санитарлық бақылауға алуға тиіс;

  • төтенше жағдайлар министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу шараларын күшейтуі қажет;

  • ішкі істер министрлігі жаз мезгілінде аттракциондар, лагерьлер, саябақтар мен ойын алаңдарындағы балалар қауіпсіздігін күшейтуі, сондай-ақ балаларды тасымалдау кезінде жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет.

Ал жергілікті атқарушы органдар жазғы лагерьлер мен алаңдарды дайындау жұмыстарын толық аяқтап, балалардың жайлы және қауіпсіз демалысы мен сауықтыру шаралармен қамтылуын ұйымдастыруға тиіс.


Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуныша, балалардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз жағдайда ұйымдастыру, өткізу министрліктің ерекше назарында болады. Бұл бағытта әкімдіктермен, министрліктермен бірлескен жұмыс жолға қойылған.

«Жазғы каникулды балалар үшін әсерлі әрі мазмұнды өткізу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, білім беру ұйымдарын, педагогтерді, ата-аналарды бірлесе күш жұмылдыруға және балалардың жазғы демалысын өткізу шараларына жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», — деді оқу-ағарту министрі.

Comentários


bottom of page