Әлихан Бөкейхан Университетінде «Күміс Университет» жобасының алғашқы түлектеріне сертификаттар табыстау салтанаты өтті.Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
«Күміс Университет» жобасы зейнет жасындағы және егде тартқан адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған. Бұл – университеттің үшінші миссиясын іске асыруы ғана емес, өмір бойы білім алу концепциясын іс жүзіне асыруының жарқын үлгісі.
Іс-шара барысында «Зейнет жасындағы адамдарға арналған цифрлық сауаттылық», «Саяхатқа арналған ағылшын тілі», «Психотерапия – АРТ-терапия» курстары және «Скандинав жүрісі» үйірмесі бойынша оқуын сәтті тамамдаған 46 қатысушыға сертификаттар табысталды.
Сертификат табыстау рәсіміне оқу орнының әлеуметтік серіктестері – қалалық Достық Үйінің, «Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ, облыстық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, сонымен қатар университет ардагерлері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
«Күміс Университет» жобасын Бөкейхан Университетінің біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты бейресми білім беру бағдарламаларын іске асыру аясында жүргізіп келеді.
Оқыту Әлихан Бөкейхан Университетінің кампусында, ыңғайлы да жайлы жағдайларда жүргізіледі. Қатысушылар жаңа білім мен жаңа дағдыларды игеріп қана қоймай, өзара қарым-қатынас жасап, бос уақыттарын тиімді де пайдалы өткізуде. Сонымен қатар, жобаға қатысушылар университет кітапханасы, компьютерлік класстар, спорт және тренажер залдарын еркін пайдалана алады.
Comentarios