top of page
Search

Жоғары оқу орындары әскерде қызмет еткен жастарға 3000-нан астам грант бөлді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қарулы күштерде мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары білім алуға берілетін жеңілдіктер бойынша Қорғаныс министрлігінің брифингі өтті. ҚР ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Қорғаныс ведомствосы мен еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Брифингте министрлік мен жоғары оқу орындарының қолданыстағы келісімдері жайында журналистерді бас инспектор – Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева хабардар етті.


Бұл келісім әскери қызмет өткерген және орта мектепті бітіргені туралы аттестаты, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар адамдарға қатысты.


Олар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ нәтижесінсіз ақылы негізде түсе алады. Мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібімен ерекшеленген әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО есебінен оқу құқығы беріледі. Сондай-ақ, оқу орнының әскери кафедрасында емтихансыз тегін оқуға болады. Әскер мектебінен өткендерге Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына да жол ашылды. Енді олар қабылдау емтихандарынсыз оқуға түсе алады.

– Біздің бастамамызды 40-тан астам жоғары оқу орны қолдады. Олар оқу орны есебінен білім алу үшін 3000-нан астам орын бөліп отыр, – деп нақтылады Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Қазіргі уақытта осы мәселелерді заңнамалық реттеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес Қорғаныс, Жоғары білім және ғылым министрліктерінің ведомстволық бұйрықтарына өзгерістер енгізілуде.


Қорғаныс ведомствосында мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде әскерлерде әскери қызметшілерді іріктеу жөніндегі әскери регламент әзірленді. Іріктеу кезінде жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейінің қорытынды балдары, жеке тәртібі, қызмет өткеру барысында арнайы міндеттерді орындаудың толықтығы, психологиялық жай-күйін бағалау ескеріледі.


Үміткерді ЖОО-ға оқуға жіберу туралы шешімді комиссия тегін білім алу квотасын ескере отырып, әскери қызметшінің жеке рейтингі мен оның қалауы бойынша қабылдайды.


Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында үміткерлер туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің «мерзімді қызметтегілер 2.0» ашық ақпараттық жүйесінде көрсетілетін болады.



Comments


bottom of page