Болашақ командирлер жаяу әскер жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерінде сынақтан өтті, «Современное образование» журналы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының бітіруші курс курсанттары алған теориялық білімдерін бекіту мақсатымен әскери техниканы басқару қабілетін көрсетті. Төртінші курс курсанттары жиынтық экипаждардың құрамында жаяу әскер жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерінде жүзеге асқан жүз шақырымдық маршты аяқтады.
Жауынгерлік техникамен марш жасауды жоспарлау мен ұйымдастыру барлық деңгейдегі командирлердің жұмысын қамтиды. Оған дайындық кезең-кезеңімен жүреді. Бірінші курста курсанттар бөлім командирі көлеміндегі мәселелерді зерделесе, екінші, үшінші курстарда взвод және рота командирінің құзыреттерін игереді. Соңғы курста өтетін жүз шақырымдық маршта болашақ офицерлер батальон командирінің ауқымында ойлауды үйренеді.
– Бұл марш курсанттардың білімдерін шыңдауға, тапқырлығын, олардың жер бедерін бағдарлай білуін мұқият тексеруге арналды. Болашақ офицерлер техниканы басқаруда өз дағдыларын көрсете білді. Келіп түскен мәліметтер бойынша өз бетінше шешім қабылдай алды. Курсанттар сынған техниканы қалпына келтіріп, лектерді өздері басқарды, – деп түсіндірді институт бастығының жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары полковник Дархан Есболов. – Жолдастық сезімінің арқасында курсанттар өз дағдылары мен машықтарын тексеру емтиханын «өте жақсы» деген бағаға тапсырды.
Практикалық сабақтар барысында курсанттар жауынгерлік машиналарды жүргізу мен күрделі жағдайда маневр жасаудағы шеберліктерін көрсетіп, түрлі кедергілерді еңсеруде батылдық пен табандылық таныта білді.
Commenti