2022 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды.Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы мен куәлік алады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарапынан ғалымдарды қолдаудың кезекті шарасы жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын тағайындау болды. Ол ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған.
Министрлік екінші жыл қатарынан еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде тоғыз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесінің мүшелері жұмыс істеді.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 468 өтінім келіп түсті. Конкурсқа қатысушылардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды.
Сарапшылар ұсынылған материалдар мен құжаттардың таңдалған көрсеткіштеріне сәйкестігін растады немесе растамады.
2021 жылғы 2 қарашадағы № 544 (2.11.2022 ж. № 130 өзгерістер) бұйрығымен бекітілген «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын беру қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті орган конкурс нәтижелерін қайта қарау үшін апелляциялық комиссия құрды.
2022 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру жөніндегі апелляциялық комиссияның қарауына барлығы 126 өтініш келіп түсті. Барлық өтінімдерді апелляциялық комиссия мүшелері Республикалық конкурстық комиссия бекіткен «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын беруге үміткердің ғылыми жетістіктерін бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштеріне сәйкес алқалы түрде қарады.
Өтініштерді қарау нәтижелері сараланған тізім түрінде ресімделді және Республикалық конкурстық комиссияның қорытынды отырысына жіберілді.
Нәтижесінде Республикалық комиссия отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер-2022» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.
Comentarios