Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2023–2024 оқу жылында республика бойынша 88 204 мемлекеттік гранты бөлінді. Оның ішінде: бакалавриатта оқу үшін – 73 мың гранттан астам, магистратураға – 13 мың, докторантураға 1890 грант бөлініп отыр, «Современное образование» журналы хабарлайды.
ҚР ҒжЖБ вице-министрі Қуаныш Ерғалиев орталық коммуникациялық қызметінде өткен жиында мәлімдегендей, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау а.ж. 13-20 шілде аралығы, ал, грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін ұсыну жоспарланған. ЖОО-ға қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады. Оқуға түсушілер 18 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін өтетін ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін грант конкурсына ұсына алады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы 2023–2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады.
«Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл,
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл,
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл;
ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл,
басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы. Яғни, ЖОО-ры өз шектік баллдарын жариялауға құқылы. Бұл деректер оқу орындарының веб сайттарында да қолжетімді. Толық ақпаратпен testcenter.kz сайтының «Жаңалықтар» айдарынан оқып танысуға болады.
Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер шығармашылық емтиханға қатысу үшін 20 маусым 7 шілде аралығында ЖОО-ға өтініш береді. Емтихандар 8-15 шілде аралығында дәстүрлі форматта, яғни, офлайн түрінде өтініш берген ЖОО-да өтеді.
Бес пән бойынша ҰБТ тапсырған талапкерлер (Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы балдарын алып) шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықты таңдай алады.
«Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» білім беру салаларына түсу үшін тапсырылатын арнаулы емтихандар (психометриялық тестілеу) басталды. Бұл емтихандар 20 тамызға дейін ЖОО-да өткізіледі. Әрбір университет емтихан тапсыру күнін өздері белгілейді. Арнаулы емтихан «өтті» немесе «өтпеді» деген нысанда бағаланады. Нәтижелері емтихан өткізілген күні жарияланады.
Отандық ЖОО-на оқуға түсу үшін талапкерлер: жеке куәлік,ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ, жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.
Comments