14.02.2024.
Биыл бірінші басшылардың Республикалық кадр резервіне 3000 үміткерді оқыту жоспарланған. Оның ішінде орта білім беру ұйымдарының 2500 үміткері, мектепке дейінгі білім берудің 200 үміткері және ТжКББ ұйымдарының 300 үміткері бар, «Современное образование» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«208 үміткер бірінші басшылардың республикалық кадр резервіне енгізілді. Конкурстық комиссияның ұсынымы бойынша кадр резервіне алынған адамдар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады», – деп атап өтті Орта білім беру комитеті басқармасының басшысы Айман Дүйсембаева.
Қазіргі уақытта облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларында бос жұмыс орындары бар, сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан мектептерге бірінші басшылардың бос лауазымдарына резервшілерді тағайындау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Резервшілерді қызметке тағайындағаннан кейін бір күнтізбелік жыл ішінде «НЗМ» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының сүйемелдеу кезеңі жоспарланған.
Comentarios