2025 жылы докторанттардың шәкіртақысы 260 мың теңге болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Докторанттардың шәкіртақысы 80 пайызға ұлғайды. Бұдан былай олардың шәкіртақылары жыл сайын 15 пайызға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңгені құрайтын болады. Біз үшін магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі ашықтық пен меритократияны арттыру маңызды. Сондықтан өткен жылы магистратураға түсу үшін емтихандарды алғаш рет электрондық форматта өткіздік. Биылдан бастап докторантураға түсу емтихандары да осындай форматта өтпек», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Оның атап өтуінше, ғылыми қоғамдастықпен орнатылған тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде диссертациялық кеңестердің жұмысы бойынша ережелерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ докторанттар үшін диссертацияны қорғау мүмкіндіктері кеңейтілді. Мұнан бөлек ғылыми журналдардың тізімін қалыптастыру ережелеріне де өзгерістер енгізілді.
«2021 жылдан бастап біз мықты, беделді ғылыми журналдарды қолдау жөніндегі жобаны іске асыруды бастаймыз. Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.
Автор: Марлан Жиембай
#Ғылым #ҚР Білім және ғылым министрлігі #Президент тапсырмалары
Comments