top of page
Search

80 мың студент кәсіпорындардың өтінімдерімен нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқитын болады

12.09.2024.


Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осыған байланысты республикада кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау басталды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев колледждерді реформалау және педагогикалық әлеуетті дамыту жөніндегі негізгі шараларды атап өтті, «Замануи білім беру» журналы Премьер-Министр ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.  


Саясат Нурбек

Министр өз баяндамасында әлемдегі тенденцияларды және ішкі сын-қатерлерді есепке ала отырып кәсіптік білім жүйесін трансформациялаудың келесі бағыттарын айтып берді. 


Бірінші бағыт — бейіндеу.


Оны іске асыру үшін өңірлер экономикасының құрылымына талдау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 4 макроөңірдің даму бағыттары айқындалды.


«Мәселен, еліміздегі жұмыс күшінің үштен бірінен астамы шоғырланған Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өндірістерді локализациялау және инфрақұрылымды дамыту жүріп жатыр. Орталық және шығыс облыстарда кадрлардың саларалық және өңіраралық ауысуын қамтамасыз ету үшін одан әрі индустрияландыру жоспарлануда. Солтүстік өңірлерде аграрлық сектор қарқынды жүзеге асырылып жатса, батыста – ірі компаниялардың айналасында жаңа өндірістер құрылуда. Осы бағыттарды ескере отырып, өңірлердің фокусын техникалық және кәсіптік білімге бағыттау үшін колледждерді бейіндеу жұмыстары басталды», – деді оқу-ағарту министрі.

Бүгінгі таңда өңірлердің экономикасы құрылымдарына сәйкес 195 колледж қайта бейінделді, олардың басым бөлігі Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында орналасқан. Өткен оқу жылында 624 мамандық және 780 біліктілік бойынша лицензиялар қайтарылып алынған. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, деп мәлімдеді министр.


Екінші бағыт – 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастыру.


Бұл мақсатта Министрлік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын теңдестіретін бағалау жүйесінің жобасын әзірледі. Бағалау жүйесі халықаралық тәжірибеде, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері қолданатын рейтингтік бағалауға негізделген.


«Осы орайда, оқытудың халықаралық салалық стандарттарын енгізу және сол стандарттар бойынша сертификатталған студенттердің үлесі негізгі көрсеткіштердің бірі саналады. Жетістіктерді бағалауды жыл сайын жүргізу техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жеке даму траекторияларын дербес құруына мүмкіндік береді», – деді спикер.

Бағалау жүйесі техникалық және кәсіптік білім ұйымдарындағы қызметтің барлық параметрлерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Осы бағалау жүйесін қолдану ТжКБ-ны 4 топқа яғни 4 лигаға бөлуге жол ашады. Бұл ретте бірінші және екінші лигаға жатқызылған колледждер алғашқы 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастырады. Олар басқа колледждер үшін Ресурстық тірек орталықтарын құрайтын болады.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бүгінгі күннің өзінде халықаралық стандарттар енгізілген елімізде алты колледж бар. Олардың түлектері мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтуде.


«Мысалы, Атыраудағы APEC PetroTechnic колледжінде мұнай-газ саласы бойынша, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде құрылыс саласы бойынша білім берудің халықаралық стандарты енгізілген. Бұл колледждің сертификатталған түлектері бізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Биыл, жыл соңына дейін 5 колледжді аккредиттеуден өткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай еліміздегі 30 колледж халықаралық салалық аккредиттеуден өтетін болады, бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім мен жоғары оқу орындары бағдарламаларының сабақтастығы қамтамасыз етіледі.


Үшінші бағыт педагогтердің потенциалын көтеру. Осыған орай:

- Педагогтер үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің үздік кәсіптік білім беру ұйымдарында халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндігі кеңейтіледі.

- «жанама кіру» әдісі немесе қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру арқылы саланың үздік мамандарын техникалық және кәсіптік білім қызметіне тарту жоспарлануда.

- педагогтердің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін енгізу және өнеркәсіптен мамандарды тарту көзделген;

- сондай-ақ қазірдің өзінде тәлімгерлік институтын дамыту жұмыстары қолға алынуда.


Төртінші бағыт — түлектерді сертификаттау.


«Өзіңізге мәлім, бүгінгі таңда міндетті сертификаттау реттелетін мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Бұл сертификаттау уәкілетті органдармен ұйымдастырылады және реттелмейтін мамандықтар бойынша тәуелсіз сертификаттау жүргізіледі. Трансформация аясында барлық мамандық түрлері үшін тәуелсіз сертификаттау жүйесін құру қарастырылған. Бұл жағдайда біз тек түлектің білімі мен дағдыларын бағалап қана қоймай, білім беру ұйымдарының өздерін де бағалайтын боламыз», – деді оқу-ағарту министрі Үкімет отырысында.

Бизнеспен ынтымақтастық жалғасып, колледждерді салалық көшбасшылар бірігетін индустриялық алаңға айналдыру көзделген.


Инфрақұрылымды дамытуды, білім ұйымының профилі мен контингентін сақтауды және инвестициялауды міндеттей отырып, колледждерді ірі және орта бизнеске сенімгерлік басқаруға беру тетігі қайта қаралатын болады.


Сенімгерлік басқаруға берудің тиімді механизмінің бірі ретінде Қостанай облысындағы «ALLUR» компаниясының өңірдегі автокөлік колледжіне шефтік қамқорлық аясындағы нұсқасын қарастыруға болады.


Бұл механизмнің ерекшеліктері:

1)  материалдық техникалық базаны нығайтады;

2) инновациялық өндірістік технологиялармен қамтылған практика базаларына тұрақты қол жеткізеді;

3)  білім беру процесін жақсартады;

4) түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді;

5) мемлекет меншігі болып қала береді.


Нәтижесінде сенімгерлік басқару колледждерді ең соңғы заманауи құрылғылармен жабдықтап, студенттерді кәсіпорындар өтінімімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс

аясында оқыту көзделіп отыр.


Техникалық және кәсіптік білім жүйесінде тиімді менеджментті қалыптастыру аса маңызды. Бұл ретте:

  1. Жаңа форматтағы менеджерлер құрамын даярлау ары қарай жалғасады. Олар ең үздік халықаралық тәжірибелер үлгісінде әзірленген «1000 өзгерістер көшбасшылары жобасы» шеңберінде оқытылады.

  2. Интернационализациялау жұмыстары, жоғары оқу орындарындағыдай басқару жүйесінің трансфері арқылы жүзеге асырылады.

 3. Техникалық және кәсіптік білім жүйесінде Лигаға және ресурстық әлеуетіне байланысты KPI белгіленетін болады. 


Шетелдік колледждермен стратегиялық әріптестікті дамыту инвестицияларды тарту және оқыту мен корпоративтік басқарудың жаңа технологияларын енгізу арқылы іске асыру жоспарланып отыр.


«Біз бұл жұмысты жоғары білім министрлігімен бірлесіп жүргіземіз, себебі қазірдің өзінде әлемнің 23 жетекші жоғары оқу орны елімізде белсенді жұмыс жасауда. Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен серіктестік күшейтіледі. Мәселен, Солтүстік макроөңірде – өңірдің жетекші колледждерінің стратегиялық серіктесі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті болса, шетелдік серіктесі Пенсильвания университеті (Рennsylvania state university) болып белгіленген. Нәтижесінде колледждеріміз студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлықты кеңейту жолымен халықаралық ынтымақтастықты дамытады», – деді спикер.

Бесінші бағыт – техникалық және кәсіптік білім жүйесінің қаржылық моделінің жаңартылуы.


Біріншіден, колледждерді қаржыландыру көздері әртараптандырылуы тиіс. Олар:

-мемлекеттік білім беру тапсырысы;

-кадрларды даярлауға мақсатты тапсырыстар беретін жұмыс берушілер;

- техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының тауарлар мен қызметтерді өндіру есебінен түсетін өз табыстары.

Екіншіден, бұл жан басына шаққандағы нормативке қатысты. Ол негізгі  және жаңа ынталандыру бөліктерінен тұруы тиіс.

Бұл ретте ынталандырушы төлемдер теңдестірілген көрсеткіштер жүйесінің мәндеріне қол жеткізген кезде берілетін болады.


Оны іске асыру кезінде бірінші лигаға жататын техникалық және кәсіптік білім  ұйымдарында мамандықтар тобына байланысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бір білім алушыға 891 мың теңгеден 1,3 млн теңгеге дейін арттырылуы мүмкін.


«Жалпы колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшерін ұлғайту үшін 2025-2027 жылдарға арналған қосымша қажеттілік көлемі 178,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылға – 53,7 млрд теңге қажет», — деді министр.

Қазіргі уақытта жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің жаңа әдістемесінің жобасы Қаржы министрлігімен бірге пысықталуда, қорытындысы бойынша республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізіледі.


Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту шаралары нәтижесінде, елімізде:

- 100 көшбасшы колледждер құрылады;

- жастарды техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 1,5 есеге ұлғайады;

- кәсіптік мамандар даярлауда біліктілікті халықаралық тану жүйесі қалыптасады;

- колледждер креативті көшбасшылар мен еңбек нарығына икемді, білікті мамандарды дайындайтын ортаға айналатын болады. 

Comments


bottom of page