top of page

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы – тиімді болуға ынталандыру

Updated: 2 days ago

Астана қаласы Білім басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Эльмира ЖӘКЕНОВАМЕН сұхбат



Отандық білім беру жүйесінің алдында білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды міндеттер тұр. Өзгерістер білім беру процесінің әрбір қатысушысына байланысты болса да, бірақ бұл өзгерістерді ұйымдастыру, дамуға ынталандыру, табысты ойлауды қалыптастыру басшылық лауазымдарды атқару жауапкершілігін өз мойнына алатындарға жүктеледі. Мемлекет білім беру жүйесінің алдына менеджментті нығайту, педагогтерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау сияқты міндеттер қояды. Оларды шешу үшін мықты, заманауи көшбасшылар қажет. Сондықтан 2023 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіндегі менеджментті жаңғырту туралы тапсырма берді, сол жылы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» менеджерлерінің кадрлық резервін іріктеу және даярлау жөніндегі жобаға бастамашылық жасады. Бұл жоба және оның елордада қалай дамып жатқаны туралы біз Астана қаласы білім басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Эльмира ЖӘКЕНОВАМЕН сөйлестік.


– Эльмира Дулатбекқызы, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы Астана үшін қаншалықты өзекті?


– Білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын даярлау, әрине, маңызды бастама болып табылады және ол білім беру қызметтерінің сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады, өйткені көшбасшылық пен сапа бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.

Елордада 900-ден астам білім беру ұйымы, оның ішінде 250-ден астам мемлекеттік ұйым бар. Білім беру ұйымдары басшыларының шамамен 10%-ы зейнеткерлік жасқа толған. Соңғы үш жылда директорлар корпусының құрамы айтарлықтай жаңарды, жас басшылықтың үлесін едәуір арттырды, сонымен бірге басшыларға, әсіресе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қажеттілік әлі де бар.

Бағдарламаның арқасында перспективалы басқарушылар пулы қалыптасады, ал кадрлық резервті қалыптастыру білім беру жүйесінде сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқуды ойдағыдай аяқтағаннан кейін тиімді басқару үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгерген мамандар негізгі позицияларды игеріп, әр нақты мектепте білім сапасын арттыру бойынша жұмысқа кірісе алады.

Сондай-ақ, кадрлық резервтің болуы талап етілетін басшының оқу шығыстары мен шығындарын азайтуға көмектеседі.

Кадрлық резервке қатысу мамандарға көшбасшылықтың кәсіби дағдылары мен қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді, нәтижесінде олардың біліктілігін едәуір арттырады.

Жаңа басшылардың жұмыс кезеңінде мектептерді басқаруда айтарлықтай өзгерістер байқалады. Мысал ретінде бағдарламаның бірінші легін аяқтаған соң Амангелді Нұрзат Қанатұлы директор болып тағайындалған Астана қаласы әкімдігінің Ә. Құрманов атындағы No17 мектеп-гимназиясын келтіруге болады. Соңғы бір жылда мектептің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды, ата-аналармен жүйелі түрде кездесуге мүмкіндік беретін ай сайынғы ашық есік күні форматы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр, қауіпсіздік жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Істерді басқару, ішкі процестерді жүйелеу үшін шешімдердің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретін электрондық күнтізбелер қолданылады. Оқушылардың оқу процесіне қатысуын және олардың үлгерімін арттыруға мүмкіндік беретін оқытудың жаңа тәсілдері мен цифрлық технологиялар элементтері енгізілді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен меморандумға қол қойылды, оның аясында мұғалімдер озық тәжірибелерімен бөлісетін болады.


– Елорда педагогтері арасында бағдарлама сұранысқа ие ме?

– Педагогикалық қоғамдастық тарапынан жобаға қызығушылық зор. Оған қатысқысы келетіндер санының жыл сайынғы өсуі байқалады. Өйткені, жаңа форматтағы менеджерлерді даярлау тек орта білім беру жүйесінде ғана емес, сонымен қатар мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де жүргізіледі.

Астана қаласы бойынша жобаны іске асыру басталғаннан бері білім берудегі өзгерістер көшбасшыларының қатарына білім беру ұйымдарының 54 болашақ басшысы кірді. Олардың 46-сы өздерінің лауазымдық міндеттеріне кірісті.

Педагогтердің білім беруді басқаруды трансформациялау, жақсарту ісіндегі бастамасын мемлекет жан-жақты қолдайды.

Курстан толық өткендігі туралы сертификат алған және кадрлық резервке алынған бағдарламаға қатысушылар «бірінші санаттағы басшы» немесе «бірінші санаттағы басшының орынбасары» біліктілік санатын алады және конкурсқа қатыспай білім беру ұйымының басшысы лауазымына тағайындалады.

Кәсіби өсу жалақының өсуімен қатар жүреді – бірінші біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының басшылары мен басшыларының орынбасарларына лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы көзделген.

Кадрлық резервке енгізу қатысушыларға олардың құндылығы мен өсу перспективасын көрсетеді, бұл оларды жақсы мотиватор бола отырып, одан әрі кәсіби дамуға ынталандырады.

Осы жылы Астана қаласының № 113 жайлы мектебінің директоры болып тағайындалған бағдарлама түлектерінің бірі Сәуле Қайырбекқызының пікірін келтіргім келеді. Ол айтады:

«Мен бағдарламаның екінші ағынының түлегімін. Неліктен мен екіншісін атап өткім келеді, өйткені бірінші және үшінші ағындарда тыңдаушылар негізінен директорлардың орынбасарлары болды. Екінші ағымда бізге, қарапайым мұғалімдерге бағдарламаға қатысуға мүмкіндік берілді. Біздің топта 50 директордың орынбасары және 50 мектеп мұғалімі болды.

Әрине, бұл бағдарлама менің санамды толығымен өзгертті. Оған дейін мен мектептегі өмірді жиырма-отыз пайыз көрдім, өйткені мен қарапайым мұғалім болдым, 45 минут алдымда отыратын балалардың өміріне, қауіпсіздігіне, білім сапасына жауапты болдым. Мен пазлдардың барлығын біріктіріп жинағанда, біртұтас суретті құрағанын көрмедім. Шынымды айтсам, оқу ісінің меңгерушісінің тәжірибесі болмағандықтан, менде тіпті болашақ мектепті басқара аламын ба, ол қалай болады деген қандай да бір үрей немесе сенімсіздік болды.

Мен ағылшын тілінен сабақ беремін. Әрине, біз, оқытушылар, әлі де әдебиеттерді оқимыз, білім беру саласындағы кейбір жаңалықтарды, алғашқылардың бірі болып қандай да бір трендтерді білеміз, бірақ мектепті басқару – бұл мүлдем басқа нәрсе. «Білім берудің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы – бұл заманауи білім беруді қалай өзгерту керектігі, заманауи мектептерді қалай басқару керектігі туралы бағдарлама».


– Иә, мұндай пікірлер шынымен де шабыттандырады. «Білім берудегі өзгерістер көшбасшылары» бағдарламасы бойынша оқыту қандай қағидатқа негізделген? Жаңа басшыларды даярлауға не кіреді?

– Жобаның негізі басқару құзыреттерін жүйелі бағалауды қалыптастырудың, теориялық және практикалық оқытуды интеграциялаудың, міндетті тағылымдамадан өтудің және тәлімгерлік бағдарламаларына қатысудың әлемдік тәжірибесі болды.

Іріктеу және дайындық кезеңдеріне мыналар жатады:

- үміткерлерді іріктеу,

- құзыреттерді бағалауға тестілеу,

- аралық бағалаумен оқыту,

- тағылымдамадан өту,

- қорытынды бағалау рәсімі,

- кадрлық резервті қалыптастыру.

Іріктеу кезінде ашықтықтың қамтамасыз етілетіндігін және сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәліметтер анықталған кезде үміткердің кез келген кезеңде шеттетілетіндігін айта кету керек.

Тестілеу кезеңінде типтік немесе стандартты емес жағдайларға жауап берудің жеткіліктілігі сияқты қасиеттер; коммуникативті дағдылар, яғни өз ойларын нақты жеткізе білу және диалог жүргізу қабілеті; көшбасшылық қасиеттер – үміткердің шешім қабылдауға және басқаларға әсер етуге қаншалықты дайын екендігі; аналитикалық қабілеттер – сыни тұрғыдан ойлау және мәселелерді әр қырынан қарау қабілеті; эмоционалды интеллект, адам өз эмоцияларын басқаруды және басқалардың эмоцияларын түсінуді білгенде; шығармашылық ойлау деңгейі – үміткердің жаңа идеяларды қалыптастыруға, стандартты емес тәсілдер арқылы мәселелерді шешуге бейімділігі бар ма; сонымен қатар қойылған міндеттерді орындауда берілгендік пен өзін-өзі тәрбиелеу сияқты қасиеттер бағаланады.

Оқыту үш деңгейден тұрады: негізгі, ілгерінді, аралық бағалайтын кәсіби.

Негізгі деңгейде жаһандану жағдайындағы орта білім беру трендтері; өзгерістер жағдайындағы көшбасшылық; тиімді көшбасшының кәсіби-тұлғалық қасиеттері және басшының бейіні; мектеп директорының өзін-өзі дамыту психологиясы; оқыту мен тәрбиелеудің құндылыққа бағдарланған тәсілі сияқты тақырыптар зерделенеді.

Ілгерінді деңгей алты модульден тұрады, оның барысында қатысушылар команданың тиімді жұмысы мен дамуын ұйымдастыруды, педагогтердің зерттеу қызметін ілгерілетуде көшбасшылықты үйренеді, білім беруді цифрландыру үдерісімен танысады және мектептегі өзгерістерді басқарады, soft skills – «жұмсақ дағдыларды» дамыту команданың кәсіби құндылығын арттыруда қандай рөл атқаратынын түсінеді, сондай-ақ өз мектебінде практикадан өтеді.

Бұдан кейін кәсіби деңгей. Онда мектепті басқарудың құқықтық және қаржылық-экономикалық негіздері игеріледі, мектептің корпоративтік мәдениеті, жайлы білім беру ортасы, деректер негізінде мектептің дамуын стратегиялық басқару сияқты аспектілер ашылады, мектеп басшысының іскерлік ойлауы қалыптасады, тиімді коммуникациялар мен келіссөздер жүргізу өнері үйретіледі. Бұл деңгей өз мектебіндегі тәжірибемен де аяқталады.

Әр деңгейдің соңында тестілеу немесе рефлексивті есеп форматында тәуелсіз бағалау процедуралары жүргізіледі. Аралық бағалау нәтижелері бойынша келесі деңгейге өткен үміткерлер курсты тыңдау туралы анықтама алады. Барлық іріктеу кезеңдері Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен келісіледі.

Оқудан кейін үміткерлер еліміздің жетекші мектептеріне тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Тағылымдама бағдарламасы кәсіби білімді, іскерлікті және дағдыларды іс жүзінде бекітуге бағытталған.

Содан кейін үміткер сыртқы қорытынды бағалау үшін портфолио, оның ішінде рефлексивті тағылымдама күнделігі мен рефлексивті есепті дайындайды, содан кейін оған оқу сертификаты беріледі.

Кадрлық резервте болу мерзімі екі жылды құрайды.


– Жобаға кім қатыса алады және қашан және қайда өтініш беру керектігін қалай білуге болады?


– Жобаға стратегиялық ойлай алатын, трансформациялық көшбасшылық дағдылары қалыптасқан және өзгерістерді жүзеге асыруға дайын 50 жасқа дейінгі білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтер қатыса алады.

Кадрлық резервке үміткерлерді іріктеу және оқыту кезеңдері туралы хабарландырулар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланған.

Сондай-ақ министрлік үміткерлерді іріктеу мен оқытудың барлық кезеңдерін ұйымдастыруды белгілейтін болады. 2023 және 2024 жылдары бағдарлама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Педагогикалық шеберлік орталығында жүргізілді.


– Сіз «жаңа форматтағы менеджер» ұғымын айттыңыз. Ол қандай болуы керек?


– Жаңа форматтағы менеджер – бұл функциялары дәстүрлі басқару шеңберінен шығып кететін заманауи басшы. Мұндай менеджер адамдармен тиімді жұмыс істей алады, оларды ынталандырып, әлеуетін дамытады, сындарлы шешімдер қабылдай алады. Бұл стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыра алатын біліктілігі жоғары маман.

Жалпы, біз білім саласындағы өзгерістердің жаңа көшбасшыларының жұмысына үлкен үміт артамыз. Олар біздің балабақшаларымызды, мектептеріміз бен колледждерімізді басқаруды сапалы жаңа деңгейге көтеріп, заманауи және тиімді білім берудің үлгі-өнегесіне айналады деп сенеміз.


АННОТАЦИЯ

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіндегі менеджментті жаңғыртуды тапсырды, сол жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» менеджерлердің кадрлық резервін іріктеу және даярлау жөніндегі жобаға бастамашылық жасады. Бізге берген сұхбатында осы жоба және оның елордада қалай дамып жатқаны туралы Астана қаласы Білім басқармасының әкімшілік бөлімінің басшысы Эльмира Жәкенова айтып берді.


В 2023 году Главой государства Касым-Жомартом Токаевым было дано поручение о модернизации менеджмента в системе образования, и в том же году Министерством просвещения Республики Казахстан был инициирован проект по отбору и подготовке кадрового резерва менеджеров «1000 лидеров изменений в образовании». Об этом проекте и в частности о том, как он развивается в столице, наше интервью с Эльмирой Жакеновой, руководителем административного отдела Управления образования г. Астаны.

 
 
 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page