top of page
Search

Google-мен ынтымақтастықта еліміздің жоғары оқу орындарында Generative AI курстары іске қосылады

Еліміздің жоғары оқу орындарында Google компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын Generative AI бойынша курстар жүргізіледі, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Google

Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы аясында бүгінде жоғары оқу орындарының студенттерін Generative AI технологияларына оқыту жөніндегі жобаны іске асыру басталғаны айтылды.


Студенттер генеративті жасанды интеллект дағдыларын дамытуға бағытталған Google Cloud Skills Boost платформасында тегін курстардан өте алады.


 Жобаға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары қатысады, олардың ішінде:

 Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;

 Қ. Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық университеті;

 Қарағанды индустриялық университеті;

 SDU University;

 Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті;

 Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті;

 Astana IT University;

 Қазақстан-Британ техникалық университеті;

 Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті;

 Шәкәрім университеті;

 Yessenov University;

 Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;

 Toraighyrov University.


«Google компаниясымен бірлескен жоба – цифрлық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект саласында озық білімі бар мамандарды даярлау жолындағы маңызды қадам. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жоба Google-мен одан әрі ынтымақтастық үшін негіз болып, Қазақстандағы білім деңгейін арттыруға ықпал етеді деп үміттенеді», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.

Google мен Министрлік ынтымақтастығы нарықтың ерекшелігін ескере отырып әзірлеген цифрлық және ЖИ трансформацияға жаһандық кешенді тәсілге негізделеді. Бұл тәсілдің орталығы – болашақ экономика үшін білім беру және кадрлар даярлау, бұлтты технологияларды енгізу, деректерді басқару жүйелерін жаңғырту және технологиялық даму үшін қолайлы реттеуші орта құру.


«ЖИ саласындағы дағдыларды дамытуға стратегиялық көзқарас – Қазақстанның ЖИ дәуіріндегі табысты цифрлық трансформациясының кілті. Біздің министрлікпен бірлескен бастамамыз жоғары білікті кадрларды даярлауға және елдің технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған», – деп атап өтті Кавказ және Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Ольга Скороходова.

Пилоттық жоба аясында 6000-нан астам қазақстандық студент Google Cloud Skills boost платформасында жасанды интеллекттің озық инновацияларын игеруге мүмкіндік алады. Генеративті курстар жиынтығы арнайы Google Cloud Career Launchpad бағдарламасы арқылы университеттер үшін қолжетімді.


Google ведомствомен бірлесіп, цифрлық технологиялардың көмегімен білім беру саласын трансформациялау бойынша жұмыс істеуде. IT-HUB жобасы аясында 2022-2023 академиялық жылы 11 жетекші қазақстандық ЖОО-дан 900-ден астам студент Android платформасында жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және әзірлемелер саласында озық дағдыларды игерді.


Google сонымен қатар Қазақстан университеттеріндегі Google Developer Students Clubs студенттерінің 14 клубын қолдайды. Студенттерді қоғамдастыққа біріктіру арқылы бұл клубтар білім алмасуға, жобалармен бірлесіп жұмыс істеуге және кәсіби байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл студенттерге жаңа технологияларды игеріп қана қоймай, IT қауымдастығының бір бөлігі болуға көмектеседі.

Comments


bottom of page