ХХІ ғасырдағы университеттердің көшбасшылығы және ғылымды қолдау мәселелерін Nazarbayev University (NU) алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен әлемдік сарапшылар талқылады.
Сарапшылар қатысқан пікірталас Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған NU ARC-2024 бірінші ғылыми-практикалық конференциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Министр конференцияны аша отырып, Қазақстан университеттерінің жергілікті және жаһандық деңгейде трансформацияланғанын атап өтті.
Сондай-ақ елдегі зерттеу ғылымын дамыту мәселесіне де тоқталды.
«Университеттердің бірінші миссиясы – оқыту, екіншісі – ғылым. Үшіншісі – әлеуметтік жағдай. Соңғы 50 жылда көптеген тұжырымдамалар пайда болды. Академиялық орта мен бизнес бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта Қазақстанның университеттері жергілікті қоғамдастықтың даму орталығына айналуда», - деп атап өтті ведомство басшысы.
«Біз ғылым және технологиялық саясат туралы жаңа заң қабылдау арқылы заңнамаға түзетулер енгіздік. Енді біз зерттеу жоспарларымызға қаражат бөлудің кейбір тәсілдерін өзгертеміз. Барлық ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қазір бізбен ынтымақтасады. Біз барлық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіріп, хакатондар, өндірістік зерттеулер жүргіземіз. Зерттеушілерімізді осы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға бағыттаймыз. Біз уақыт, ресурстар мен қызығушылық жеткіліксіз болған өнеркәсіптер, фабрикалар мен зауыттарда болмаған шешімдер табуға тырысамыз», - деп қорытындылады Саясат Нұрбек.
NU ARC-2024 халықаралық конференциясы – бұл шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен зерттеушілерді, оның ішінде әртүрлі салалардағы жас ғалымдарды біріктіретін, Қазақстан мен әлем алдында тұрған сын-қатерлерді бірлесіп шешу үшін ой алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Әлемдік және қазақстандық зерттеушілер өздерінің соңғы ғылыми жаңалықтары туралы айтып, ғылым саласындағы перспективасы зор трендтерді талқылады. Конференцияның ашылуында қазақстандық жоғары оқу орындарының жас зерттеушілері мен атақты профессорларын қарсы алған NU президенті Вакар Ахмад:
«Біздің университет ежелгі дәуірдің ұлы ғалымдары – Әл-Хорезми, Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Беруни дамытқан ғылымның барлық саласының дамуына өз үлесін қосып жатқанына қуаныштымын. Жібек жолының үздік дәстүрлері бойынша біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік таланттар шоғырланған орталық болып, өңірде және одан тыс жерлерде түрлі пәндерді дамытуға және заманауи мәселелерді шешуге ықпал ететін идеяларды әзірлеуге қатысамыз», - деді.
Конференция аясында жаңа материалдар мен құрылғылар, Қазақстанда жасанды интеллектіні зерттеу және оның қоғамға әсері жөніндегі симпозиумдар өтті. Пленарлық отырыстар денсаулық және әл-ауқат, әлеуметтік-экономикалық трансформация, жаңа материалдар мен құрылғылар, жасанды интеллект, энергетика және қоршаған ортаны талқылауға арналған.
Конференцияға әлемнің жетекші сарапшылары – Northwestern University-дегі (АҚШ) Кверри-Симпсон биоэлектроника институтының негізін қалаған директоры Джон Роджерс, AI Singapore директоры, профессор Мохан Канканхалли, Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінің (АҚШ) биоинженерия профессоры Рашид Башир, Амхерсттегі Массачусетс университетінің профессоры (АҚШ) Нянцян Ву, әлемдегі алғашқы электронды қалдықтарды және пластиканы қайта өңдейтін микрофабрикалары жасаған профессор Вина Сахаджвалла (Аустралия), «Feeling Smart: Эмоцияларымыз біз ойлағаннан да ақылды» кітабының авторы Эяль Уинтер (Ұлыбритания) және т.б. шақырылған. Сонымен қатар конференцияда Three Minute Thesis байқауының финалы өтпек. Онда докторанттар өз зерттеулерінің маңызын үш минуттың ішінде аудиторияға жеткізуі керек.
Конкурс қазіргі кезде халықаралық деңгейде танылған. Жеңімпаздар қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін гранттар алады. Research week 29 қыркүйекте NU-да өтетін STEM Scholars Summit 2024 студенттер конференциясымен аяқталады, онда жас қатысушылар өздерінің зерттеулері және идеяларымен бөліседі.
Comments