Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында IT-саланы дамыту мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
IT-саланы дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсуін жалғастырды.
«IT-компаниялардың саны 18 мыңнан асып, соңғы үш жылда 16%-ға өсті. Осы кезеңде IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 54%-ға көбейіп, 673 мың теңгеге жетті. Бұл білікті кадрларға деген жоғары сұраныс пен бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын көрсетеді. IT саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны да 12%-ға өсіп, 187 мың адамға жетті», — деп мәлімдеді Жаслан Мәдиев.
2018 жылы «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркі іске қосылды. Бүгінде Astana Hub айтарлықтай өсім көрсетуде. Ол Қазақстандағы IT-стартаптарды дамыту орталығы ретіндегі рөлін растауда. Технопарк 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Олардың ішінде 1102 жергілікті және 437 шетелдік компаниялар бар. Қатысушылардың жалпы табысы 1,2 трлн теңгені құрап, соңғы бес жылда 31 есе өсті.
«Осы жылдың үш тоқсаны бойынша экспорттық кіріс 143 млрд теңгеге жетті. Жылдық өсу төрт жылда 10 еседен асты. Осылайша, Astana Hub өңірдегі жетекші технопарк ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастыруда. Өңірлік хабтардың дамуы біздің инновациялық экожүйеміздің негізгі элементіне айналды. Бүгінгі күні бүкіл ел бойынша 17 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді. Олар жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікті дамытуға белсенді ықпал етеді», — деді спикер.
«Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» құрылды. Мұнда IT-мамандарға, инноваторларға және ғылыми қайраткерлерге арналған мемлекеттік қолдау шараларының көпшілігі шығарылды. Мобильді қосымша да қол жетімді. Портал мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күні Tech Orda бағдарламасының түлектері арасында табысты оқиғалар бар. Олар мүлде басқа салалардан ІТ-ға ауысуға мүмкіндік алды. Мысалы, заңгер білімін алған Ләззат Хаджимуратова, бағдарламаға қатысқаннан кейін электрондық коммерция саласында әзірлеуші болып қызметке тұрған.
«Тағы бір табысты оқиғаны Алдияр Құлтумановтың мысалымен айтуға болады. Ол медицина саласында жоғары білім алып, кәсіби бағытын өзгерту туралы шешім қабылдады. Бағдарлама аяқталған соң, ол әзірлеуші-junior frontend ретінде мансабын бастады», — деді министр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жыл сайын мыңдаған мамандарды, жүздеген стартаптарды және жасанды интеллект саласындағы ондаған ғылыми жобаларды дайындау жоспарланып отырғанын айтты.
Аталған орталық жасанды интеллект дамыту саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер алаңына айналады. Сонымен қатар министрлік халықты жасанды интеллект технологиясына оқытудың кешенді тәсілін ұсынуда.
«Біз 5 жыл ішінде 1 млн адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, олар 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметші, 80 мың кәсіпкер және халықтың 30 мың басқа санаты. Қазіргі уақытта білім беру жобалары, оның ішінде мектеп оқушыларына арналған TUMO креативті технологиялар орталығы іске қосылуда. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қазан айында жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау үшін өңірдегі алғашқы TomorrowSchool жасанды интеллект мектебі ашылды. Осы бастамалардың барлығы еліміздің адами капиталын дамытуға, таланттарды анықтауға және IT-саласын дамытуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді министр.
Comments