LINCA компаниясы делегациясы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне сапармен келді
- Редакция "СО"

- Jan 23
- 1 min read
2026 жылғы 22 қаңтарда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде халықаралық білім беру және инвестициялық компания Laihua Online (Wuhan) International Education Technology Co., Ltd. (LINCA) делегациясының ресми сапары өтті.

Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылым және инновация салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ бірлескен білім беру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге университет тарапынан Басқарма Төрағасы – Ректор Қанат Маратұлы Тіреуов , Басқарма мүшелері мен құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері қатысты. LINCA делегациясын компанияның басқарушы директоры Чжан Кай, сондай-ақ «LINCA KZ» ЖШС өкілдері басқарды.
Тараптар келесі негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды:
• университеттің халықаралық білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысуы;
• ауыл шаруашылығы, аграрлық секторды цифрлық трансформациялау және тұрақты даму салаларында жоғары білікті мамандар даярлау;
• автомобиль инженериясы бағыты бойынша «Чанъань Лаборатория» оқу-тәжірибелік базасын құру;
• LINCA компаниясының инвестициялық қолдауымен Жаңа энергия көздері және зияткерлік көлік институтын бірлесіп құру;
• Қазақстан аумағында Ухань қолданбалы технологиялар университетінің филиалын ашу және жасанды интеллект, зияткерлік өндіріс және инженерлік бағыттар бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу;
• профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту.
Кездесу барысында университет ректоры Қанат Тіреуов халықаралық серіктестікті кеңейту, білім беру, ғылым және өндіріс интеграциясын нығайтудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде LINCA компаниясының өкілдері Қазақстандағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар өзара серіктестікті дамытуға дайын екендіктерін растады және ұсынылған бастамаларды іске асыру тетіктерін одан әрі пысықтау туралы уағдаласты.



Comments