23.04.2024.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Балаларды ерте жастан дамыту мен отбасы мәселелері: зерттеу және тәжірибе» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Университеттің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияда Қазақстанның, таяу (Өзбекстан, Ресей, Моңғолия) және алыс (АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Нидерланды, Эстония) шетелдердің ерте және мектепке дейінгі білім беру саласындағы белгілі ғалымдары мен практиктері баяндама жасап, балалардың ерте дамуы мен отбасылық тәрбиенің өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық тәжірибемен бөлісті.
Шараның ашылу салтанатында QyzPU ректоры Гүлмира Қанай қатысушыларға екі күн бойы тәжірибе алмасуға келгені үшін алғыс білдіріп, университет студенттерге ғылыми зерттеу, рефлексия жасау, өз тәжірибесін зерделей алу, сыни ойлау, өзгермелі әлемде тез шешім қабылдау сияқты дағдыларды қалыптастырып жатқанын атап өтті.
Балаларды ерте дамыту мәселелерін шешуге атсалысу мақсатында QyzPU базасында балаларды ерте жастан дамыту мен отбасын зерттеу орталығы ашылды. Орталық ерте және мектеп жасына дейінгі балаларды ерте жастан өмірге қажетті дағдылар бойынша дамыту және отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуге арналған.
Педагогика ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Сайра Жиенбаева «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу онтогенезінің мәселелері: тәсілдері мен шешімдері» тақырыбында баяндама жасап, зерттеуімен бөлісті. Ғалымның айтуынша, 2 жастағы балалардың 17,6 пайызы қоршаған орта мен табиғат құбылыстарына қызығушылық танытпайды, «болады», «болмайды», «қауіпті» сөздерінің мағынасын түсінбейді, ал 3 жастағы балалардың 14,3 пайызы өз ойын сөзбен жеткізе алмайды.
Haileybury Almaty халықаралық мектебінің қабылдау бөлімінің басшысы Claire Boyle өз баяндамасында британдық ерте жастан дамыту қорының тұжырымдамасына негізделген «Балаларды ерте жастан дамуға арналған оқу бағдарламасын» ұсынды.
Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) бас маманы, педагогикалық колледжінің халықаралық білім беруді зерттеу бөлімі директорының орынбасары Nancy Roming бір балаға 5 кітабы бар кітап бөлмесі, сауаттылықты дамытуға байланысты материалдары бар ойын алаңдары қарастырылуы керек екенін айтты. Американдық ғалым зерттеулерді өмірде пайдалану үшін педагогтар балалармен тығыз қарым-қатынас, эмоционалды байланыс орнатуы керек екенін және оның бәрі орындалуы үшін мұғалімдерге бос уақыт қажет екенін атап өтті.
Comments