«Summer Science School – 2025»: оқытушылар мен зерттеушілерге арналған жазғы мектеп
- Редакция "СО"

- Jun 19
- 1 min read
2025 жылғы 9–20 маусым аралығында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушылар мен зерттеушілерге арналған «Summer Science School – 2025» атты жазғы мектеп ұйымдастырылуда. Бұл – ғылыми әлеуетті арттыруға, заманауи зерттеу құралдарын меңгеруге және оқытушылардың кәсіби дамуына бағытталған ауқымды ғылыми бағдарлама.

Бағдарлама бағыттары:
– Ғылыми жарияланымдық белсенділік – журналдарды дұрыс таңдау стратегиялары, дәйексөз индексін жоғарылату жолдары, халықаралық ғылыми дерекқорлармен (Scopus, Web of Science) тиімді жұмыс жүргізу;
– Зерттеуші құралдары – ғылымда жасанды интеллектті пайдалану, библиографиялық менеджерлермен (Zotero, Mendeley) жұмыс істеу, ғылыми мақалаларды LaTeX/Overleaf форматында жазу;
– Гранттық қолдау – ғылыми жобаларға өтінім әзірлеуден бастап, оны іске асыруға дейінгі кезеңдерді басқару;
– Ғылыми этика және методология – зерттеулерді сапалы жүргізу және нәтижелерді рәсімдеудің халықаралық талаптары;
– Мансаптық мүмкіндіктер – «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсы, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жолдары.

Биылғы жылдың ерекшелігі – жазғы мектепке ғылымнан уақытша алшақтап қалған оқытушыларға басымдық беріліп отыр. Университеттің Ғылым департаменті жүргізген аналитикалық сараптама нәтижесінде анықталғандай, бұл санатқа негізінен 50–60 жас аралығындағы, ғылыми дәрежесін осыдан 20–25 жыл бұрын қорғап, қазіргі таңда ғылыми қызметпен жүйелі түрде айналыспай, лауазымды тек формалды атақ ретінде пайдаланып жүрген оқытушылар жатады.
Уақыт өте келе бұл әріптестеріміз заманауи ғылыми талаптар мен халықаралық стандарттардан алыстап қалған. Сондықтан оларды қайта ғылыми ортаға тарту, жаңа зерттеу бағыттарына бағыттау, мемлекеттік және коммерциялық гранттық бағдарламаларға қатысуына жағдай жасау – биылғы жазғы мектептің басты мақсаты болып отыр.

Осыған орай, бағдарлама мазмұны арнайы бейімделіп, Clarivate Analytics сарапшылары, Назарбаев Университетінің жетекші зерттеушілері және басқа да тәжірибелі ғалымдар мен практиктер шақырылды. Жұмыс форматтары – дәріс, практикум, кеңес беру, топтық талқылау, мақала жазу бойынша жеке консультациялар түрінде ұйымдастырылады.
Жазғы мектеп соңында әрбір қатысушы өзінің ғылыми мақаласының құрылымын жасап, алдағы зерттеу жұмысына нақты бағытпен шығуы көзделуде.




Comments