«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына «Балаларға арналған ең үздік әдеби шығарма» номинациясы қосылады. Бұл туралы «Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, «Ауыл» партиясы төрт жылдан бері «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауын ұйымдастырып келеді. Әр жылдың қорытындысы бойынша үш томдық жинақ жарық көреді. Қазірге дейін 12 томдық жинақ басылып шықты. Биылғы конкурсқа балалар әдебиетін қолдау мақсатында «Балаларға арналған ең үздік әдеби шығарма» арнайы номинациясы қосылып отыр. «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына шығармаларды қабылдау 1 наурыздан басталады. Барлық ақын-жазушыларды осы конкурсқа қатысуға шақырамыз», - деді партия төрағасы ҚР Ұлттық кітапханасында
Айта кетейік, «Ауыл» партиясы «Мәдениет порталымен» бірігіп, дәстүрлі «Ауылым – алтын тұғырым» атты ауыл тақырыбына арналған шығармалар байқауын жариялады. Биылғы конкурс мерейлі мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады.
Үміткерлер конкурсқа ұсынатын шығармаларын auyl.kz сайтындағы «Ауылым – алтын тұғырым» сілтемесі арқылы немесе тікелей madeniportal.kz порталында онлайн жариялай алады.
Конкурсқа шығармаларды қабылдау 1 наурызда басталып, 2021 жылдың 1 қарашасына дейін жүргізіледі. Жеңімпаздарды марапаттау 2021 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.
Еске сала кетсек, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның жасөспірімдерге арналған «Ауылдан шыққан миллионер» кітабы таныстырылды. Кітап «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қолдауымен жарық көрген.
Автор:
Айжан Серікжанқызы
Comments