Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап берді.
«Үзілісті қажет етпей, төрт жарым сағат бойы әңгімелестік. Әріптестерім көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мәселелерін ортаға салды және идеяларымен бөлісті.
Кездесуге қатысушылар орта білім беруді дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты. Әдіскерлердің рөлін арттыру, ротация институтын енгізу, білім беру ұйымдарының басшыларына қойылатын талаптарды күшейту, оларды тағайындау және аттестаттау тәртібін өзгерту қажеттілігі туралы сөз қозғалды.
Ұстаздар білікті педагогтер басшылық лауазымдарға ұмтылуға құлықты емес дейді. Өйткені директорлардың айлығы ұстаздардың еңбекақысынан әлдеқайда төмен. Дегенмен жүктелетін міндет көп, артылатын жауапкершілік жоғары. Осыған байланысты мектеп басшыларын тағайындау және олардың жалақысын арттыру бойынша енгізілетін өзгерістер туралы айттым.
Алдағы уақытта осы жаңашылдықтар жайында толығырақ жазатын боламын.
Кездесу барысында педагогтерді аттестаттау, саладағы цифрландыру, педагогикалық этика нормаларын сақтау, білім беру бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жақсарту, қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелері, Алтын белгіге үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту және тағы басқа өзекті мәселелер көтерілді.
Жиынға қатысушылар педагог мәртебесі артып, жалақының айтарлықтай көтерілгенін алға тартты. Басқа да өзекті мәселелерді бірге талқыладық. Олардың көпшілігі бойынша тіпті заңнамалық деңгейде нақты шешімдер қабылданған. Бұл мәселелер туралы да келесі жазбаларымда толығырақ айтып беремін. Кездесуге қатысқан әріптестеріме айтылған ұсыныстары мен қойылған сұрақтарына алғыс айтамын», – деді Асхат Аймағамбетов.
Ақпарат көзі: 24.kz
Comments