top of page
Поиск

ЖОО-лар адал бәсекелестік қана тиімді болатынын жақсы түсініп отыр - Талғат Нәрікбаев


ЖОО-дағы кіріс тек жоғары білімнің өзіне ғана жұмсалуы тиіс. Бұл туралы жоғары білім саласында сапаны арттыру мәселелерін талқылау кезінде KAZGUU университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Оның айтуынша, қазіргі кезде жоғары оқу орындары үшін академиялық әрі басқарушылық дербестік жеткілікті болып тұр. Осы орайда барынша тиімді қадамдар мен әдістерді енгізуге мүмкіндік бар.


«Сапа мен академиялық адалдық үшін күресті бастаған кез келген ЖОО-лар адал бәсекелестік қана тиімді болатынын жақсы түсініп отыр. Адал бәсекелестік – ол базалық ережелерді сақтау және сапа стандарттары мен этикалық нормаларды бұзбау дегенді білдіреді. Егер мемлекет адал бәсекелестік үшін талаптарды қамтамасыз етпесе, онда тәртіпсіздік орын алады», - деді Т. Нәрікбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жоғары оқу орны басшыларымен кездесуі барысында.


Осы орайда ол бұған дейін жоғары оқу орындары тек табыс жасау мақсатында ашылған кезең болғанын айтты. Бұл өз кезегінде білім сапасына теріс әсер етеді.


«Осындай ЖОО-лар барлық жоғары білім саласы бойынша қоғамда жалпы теріс пікірді қалыптастырады. Сондықтан бұл жағдайды шұғыл түрде түзету керек, жоғар білімде кіріс тек жоғары білімнің өзіне жұмсалуы тиіс. Яғни, оқу орнында қолайлы жағдай жасау, озық цифрлық шешімдерді енгізу, еңбекақыны көтеру және басқа да негізгі мәселелерге бағытталғаны дұрыс», - деді Талғат Нәрікбаев.


Оның сөзіне қарағанда, оқу процесі мен бизнес процесті цифрландыру үнемі қаржылық мүмкіндіктерге байланысты бола бермейді.


«Осы тұрғыда бастапқыда сапалы әрі терең аудит пен хронометраж жүргізілсе жеткілікті. Бұл өз кезегінде ЖОО ішінде қандай проблемалар бар екенін, қай жерде нәтижелер бұрмаланатынын түсінуге мүмкіндік береді. Академиялық процестерді цифрландыруға қарсылық танытқандар көбіне ашықтық болғанын қаламайды. Себебі білімді бағалаудың, өтінімді қарау мен шешім қабылдаудың әрбір кезеңі баршасына көрініп тұрады және базада сақталады», - деді Талғат Нәрікбаев.


Автор:



Comments


bottom of page