top of page
Поиск

Ұлттық таныммен өрілген ономастикалық атаулар

«Ономастикалық дискурс: мифологиялық аспекті» гранттық жоба туралы бірер сөз


Ономастика мәселелері тілдік тұрғыдан біраз зерттелген. Бірақ бұл жобада ономастикалық бірліктер дискурстың «шикізаты» және «өнімі» сапасында мифтік дүниетаныммен сабақтастырыла қарастырылады. Өйткені ономастикалық атаулардың не бірліктердің қайсысын алсаңыз да, оның астарында қандай да бір этностың тарихи, тілдік-мәдени мазмұны немесе тұтастай «мәтін», басқаша айтқанда, ұлттық код орныққан.


Сондықтан да оларды ұлттық таныммен өрілген атаулар деуге болады. Ол тек коммуникативтік жағдаятта (дискурста) зерделенеді және соның нәтижесінде сақталып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа тасымалданады. Бұл үдеріс кезінде әр кезеңнің ұлттық құндылықтарына сәйкес жаңаша мәнге ие болып, не керісінше бастапқы мазмұнынан алшақтап, кейде өз архисемасынан ажырауы мүмкін. Мұндай жағдай, біріншіден, тілдік санадағы әлем бейнесінің жұтаңдауына, екіншіден, этностың рухани әлсіреуіне, сөйтіп бірте-бірте мәдени иммунитетінің жойылуына әкеледі. Мұндай жағдайдың алдын алу қажет. Аталған жобаны ұсыну идеясы осы мәселелерге қатысты туындады. Бұл жоба «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасының «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Қазақстанның киелі географиясы» жобаларын басшылыққа ала отырып, ономастикалық дискурсты мифологиялық аспектіде зерттеу, онимдерді (антропонимдер, топонимдер, фитонимдер) ұлттық мәдениеттің бейнелі-таңбалық жүйесі ретінде сараптай отырып, онамастикалық лексиканың этномәдени-танымдық ерекшеліктерін жалпытүркілік дәстүрлі және философиялық дүниетаныммен тарихи сабақтастықта айқындауды мақсат етеді.

Жоба 2021-2023 жылдарға арналған, жалпы қаржылық көлемі – 44 887 239,90 теңге. Бұл қаржы жұмыс тобының 9 мүшесінің (біреуі – Башқұрт мемлекеттік университетінің доценті, төртеуі – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылары, төртеуі – аталған оқу орнының «Филология» білім бағдарламасының жасы 40-қа толмаған докторанттары) еңбекақы төлемдерін, еліміздегі және елімізден тыс аймақтағы іссапар шығындарын, материалдық-техникалық құралдар мен жабдықтар сатып алу, ғылыми өнімдерді баспадан шығару қаражатын, салық төлемдерін қамтиды. Жобаны қаржыландырушы мекеме – ҚР БҒМ. Жобаның жүзеге асуы үш кезеңнен тұрады.



Жобаның 1-кезеңінде (наурыз - 15 қараша 2021 жыл) атаулар күрделі мағыналы бейне-таңбалар жүйесі ретінде мифологиялық тұрғыдан сипатталды. Қазақ мифологиясындағы ономастикалық лексика мәселелері өзге түркі тілдері материалдарымен байланыста талданды. Қазақстанның «киелі топонимиясы» (сакралды география) бағыттарына сәйкес ұлттық кодтың киелі кісі есімдері мен жер-су атауларында көрініс табуы анықталды. Түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы антропонимдер (кісі есімдері) культі, оның ішінде есімдердің лингвомәдени сипатындағы табу және эвфемизм, сакральді (киелі) кісі есімдерінің діни және тұрмыстық салт-дәстүрлермен байланысты болмыстық-танымдық ерекшеліктері сараланды. Қазақ халқының мифтік танымының топонимдерде берілуі, ондағы культтік жер-су атаулары, тәңірлік наным-сеніммен байланысты ұғымдар зерделенеді. Қазақстан Республикасы мен одан тысқары жерлерге іссапарға барып, материалдар жинақталып, талданып, қорытындыланды.

Тіл тасымалдаушыларының мифтік санасындағы актив және пассив ономастикалық бірліктерді анықтауға бағытталған сауалнама 01.05-01.06.2021ж. 18-51 жас аралығындағы әлеуметтік топтар арасында жүргізілді. Сауалнама сұрақтары электронды Google форматта дайындалды. Сауалнамаға барлығы 102 респондент қатысты, оның 7,8%-ы ер адам, 86,3%-ы әйел адам. 5,9% респондент сұрақты жауапсыз қалдырған. Қатысушылардың 100%-ы қазақ ұлтынан. Әлеуметтік статусы бойынша респонденттердің басым бөлігін студенттер қауымы құрайды (90,2%), мұғалімдердің үлесі – 3%, есепке алынбаған жауаптың пайыздық үлесі – 6,8%. Сауалнамаға енгізілген сұрақтар: 1. Өзіңіз туған не тұратын мекен (жер, су, тау т.с.с.) атауына қатысты қандай аңыз не әңгіме білесіз? 2. Мына есімдер туралы не білесіз, бұлар кімдер? ‣Хауа ана ‣Қорқыт‣Асан қайғы ‣Ұмай ана ‣Бекет ата ‣Дәуіт ‣Самрат ‣Алпамыс ‣Ер Төстік ‣Қозы Көрпеш ‣Баян сұлу ‣Мыстанкемпір ‣Жезтырнақ ‣Пері. 3. Адам не жер-су, өзен-көл, өсімдік атауларының шығуына мән бересіз бе? 4. Өзіңіздің есіміңізді кім қойды және қандай мағынаны білдіреді?


1-сұрақ бойынша респонденттердің 58%-ы өзі туған немесе тұратын мекен атауының шығу тарихын білетінін көрсетті, соның ішінде 18 сауалнама қатысушысы (30,5%) елді мекен атауының шығуын адам есімімен байланыстырады (Ақжігіт ауылы, Бекарыстан би, Құлсары, Тоқмансай, Жабасақ, Жаныс би, Кененбай, Н. Байғанин ауданы, Есет батыр ауылы, Әйке ауылы, Жиренқопа, Алтай батыр, Ақбота Сәңкібай, Ырғыз). Туған жерінің шөпке, өсімдікке қатысты аталғанын 3 респондент (5,1%) жауабынан көруге болады (Мәртөк - «мортық» деген шөп өскендіктен, Сексеуіл). Жер атауының табиғатқа, сөздің түбіріне немесе бірігуінен пайда болған деп санайтындар үлесінде 19 адам (32,2%). Мысалы: Шұбарқұдық, Шалқар, Бозой, Сырдария, Сағыз, Хромтау, Қарауылкелді, Тасөткел, Жаңабұлақ т.с.с). Бестамақ ауылын бес тама руының болуымен түсіндірген респондент 1 (1,7%). Сонымен қатар, аңыз білетінін жазып, бірақ тарқатып жауап бермегендер саны 15 (25,4%). Мекеннің шығу тарихын жазып, бірақ атауын нақты көрсетпеген 3 (5,1%) респондент бар. 1-сұрақ нәтижесі: