Қазақстанда студенттерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығын автоматтандыру көзделіп отыр. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінде еліміз бойынша барлық мемлекеттік орган мен жеке және мемлекеттік кәсіпорындарда цифрландыру үрдісі жүріп жатыр.
«Білім және ғылым министрлігінде де бұл бағытта біраз жұмыс атқарылды, дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Біз 2019 жылы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 76% оңтайландырдық. 2021 жылдың соңына дейін білім беру саласындағы тағы 9 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарда бар. Ендігі кезекте студенттерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлық түрін автоматтандыруды көздеп отырмыз. Яғни, қажет қызметті студенттер өз смартфондары арқылы алатын болады»,-деді министрдің орынбасары.
Оның жазуынша, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында студенттерге қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеп жатқанына бірнеше жыл болды. Уақыт көрсетіп отырғандай, мұндай орталықтардың тиімділігі аз.
«Сол себепті 2021 жылдың соңына дейін студенттерге көрсетілетін білім беру аясындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жұмыс істейміз. Мектептерге, колледждерге, жоғары оқу орындарына қабылдау сияқты қызметтер де кезең-кезеңімен толығымен электрондық форматқа көшіріледі. Осылайша, биыл 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау тек электрондық түрде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың жағымды тұстары тек білім алушылар мен олардың ата-аналары үшін ғана емес, сондай-ақ мұғалімдерге де қатысты болмақ. Әлеуметтік желілердегі парақшама аттестаттауға құжаттарды тапсыру кезінде бюрократияға тап болған мұғалімдерден үнемі хабарламалар түсіп жатады. Сондықтан қазіргі уақытта мұғалімдеріміздің бума-бума құжаттарды жинауға кететін уақытын зая жібермей, керісінше, біліктіліктерін арттырып, аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз»,-дейді Рүстем Биғари.
Осы ретте алдыға қойған міндеттердің қалай жүзеге асырылатыны туралы айтты.
1.Мұғалім өз портфолиосын Ұлттық білім беру дерекқорына (НОБД) жүктейді;
2. Электрондық форматтағы портфолионы барлық қажетті ақпаратпен толықтырады;
3. Тестілеуге дайындық Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысу үшін өтініштерді қабылдау тестілеу біліктілік санатын тағайындау рәсімін өткізу бойынша аттестаттау комиссиясының жұмысы біліктілік санатын беру жалақыға үстемеақы!
«Яғни, біз мұғалімдер үшін аттестаттаудың екінші кезеңін жеңілдеткіміз келеді. Өйткені екінші кезеңге өткен мұғалімдер білім бөлімдері мен басқармаларының кеңсесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» немесе egov.kz арқылы қағаз не электронды нұсқада құжаттар топтамасын тапсырады. Осы орайда біз білім беру саласында халыққа көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметті оңтайландыруға ниеттіміз»,-деді министрлік өкілі.
Opmerkingen