top of page
Поиск

Украинада «Шаңырақ» қазақ мектебі қалай ашылды


Украинаның Харковь қаласында «Шаңырақ» атты қазақ тілі мектебі ашылды. Онда келушілерге тіл мен қатар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып және төл мәдениетіміз дәріптеліп, үйретеді.


Өзге елдегі қазақ мектебінің ашылу тарихы және жұмыс барысымен танысу мақсатында ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Харковь қаласындағы құрметті консулдың кеңесшісі Стефания Ришкомен сұхбаттасқан болатын.


«Харковьтегі қазақ тілі мектебі Украинадағы Қазақстанның елшілігі бастамасымен ашылды. Дәлірек айтқанда, бұл идеяны бізге Украинадағы Қазақстанның елшісі Дархан Кәлетаев ұсынды. Алдымен қазақ тілін жетік білетін және өзгеге үйрете алатын маман іздеуге кірістік. Дайындық жұмыстары жарты жылға жуық уақыт алды. Нәтижесінде қазақ тілін үйрететін маманды таптық, ол осындағы диаспораның өкілі Гуля Сайко деген қазақ азаматы. Ол кісі Шымкенттің тумасы, бірақ біраз жылдар Украинада тұрып жатыр», - деді С. Ришко.


Оның айтуынша, Харковь қаласынан бөлек, ел астанасы Киевте де елшілік жанынан қазақ тілін үйрететін курс ашылған.


«Қазақ тілін үйренуге әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Жалпы Харковьте тұрақты және уақытша жұмыс бабымен келіп, тұрып жатқан қазақстандық отбасылар баршылық. Ерекше айтып өтетін сәт, бізге келушілер қазақ тілімен қатар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен қазақи мәдениетті де үйренеді. Үйрету әдісіне келсек, әзірге негізгі келушілер балалар болғандықтан, оларға тілді ойын және танымдық әдіс арқылы сіңіріп жатырмыз. Яғни балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, артық жүктемесіз тәсіл қолданылады. Сол сияқты балалар қазақ тілінде тақпақ, өлең жаттайды. Және де елшіліктің қолдауымен түрлі мәдени-ағарту іс-шаралар ұйымдастырылады», - дейді ол.


Сондай-ақ, консул кеңесшісі «Шаңырақ» атауын алған қазақ тілі мектебіне келем деушілерге есік әрдайым ашық және сабақтың тегін ұйымдастырылатынын айтты.


«Әрине басымдық қазақ тілін үйретуге беріледі, дегенмен бұл шығармашылық мектеп болып саналады. Себебі мұнда балалар ән айтады, өлең оқиды, тіл үйренеді, сол арқылы отанды сүюге, құрметтеуге және өз тарихын білуге баулиды. Жалпы болашаққа жоспар көп. Соның бірі қазақстандық және біздің балалармен бірлескен іс-шаралар өткізу, сол сияқты осындағы балаларды Қазақстанға саяхатқа алып бару. Басты қуантатыны ата-аналар мен балалардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары. Ата-аналар мектеп ашылған күннен бастап, балаларын алып келіп, өздері де белсенділік танытып жатыр», - деді ол.


Автор: Әли Ибраев


Ақпарат көзі: inform.kz



Comments


bottom of page