top of page
Поиск

ҚазҰАУ ректоры халыққа есеп бердi

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов халыққа есеп беру жиынын өткізді.

Есеп беру жиынында университеттің 2015-2016 оқу жылдарына шолу жасалып, оқу орнының ғылыми-инновациялық, қаржылық-шаруашылық, әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөнінде есебі тыңдалып, жетістіктері жария етіліп, университеттің алдағы стратегиялық даму бағыттары таныстырылды.

Жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, шетелдік консулдық қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер, агроқұрылымдар мен шаруашылық жетекшілері, белгілі аграршы ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен ата-аналар, қала тұрғындары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Бүгінгі күні университеттегі студенттердің 90 пайыздан астамы ауыл жастары. Мемлекет қолдауының арқасында оқу орнында еліміздің әр түкпірінен келген білім алушыларға заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруге барынша жағдай жасалған. Бұл іргелі оқу орны мемлекет қойған талаптарға сай Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жөніндегі стратегиялық бағдарламасына сәйкес құрылымдық модернизациядан өтіп, нақты нәтижеге негізделген сапалық менджментті игеруде. Қазіргі кезде университет QS рейтингі бойынша 200 жоғары оқу орнының ішінде 86-орынға көтеріліп, 100 ТОП университеттер санатына енді.

Ректор, өз сөзінде университеттің стратегиялық бағыт-бағдарын ұстана отырып, ауылдық жерлерден келген жастарды инновацияға бейімдеп, аграрлық білім мен ғылымға тереңдеп, жаңа технологияларды игеруі үшін Агротехнологиялық Хаб – Ауыл шаруашылығы зерттеулерінің Халықаралық институтын құрылғандығын ерекше атап өтті. Шетелдің озық тәжірибелерін негізге алған бұл институт отандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің нақты сұраныстарына сай ғылыми-өндірістік жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік береді.

Университет басшысы сондай-ақ, қазіргі уақытта коммерциялық емес акционерлік қоғамы ретінде жаңаша құрылымдау нәтижесінде университеттің Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына өтуі – агроинновациялық бағытты жаңғырту бойынша ғылыми-зерттеулерді коммерциализациялау жүйесін тиімді құруға кеңінен жол ашып отырғанын айтты. Университет базасында құрылған Ауыл шаруашылығы зерттеулерінің Халықаралық институты отандық аграрлық білім мен ғылымның жаңа сатыға көтерілгендігін көрсетеді. Әлемдік стандарттарға сай агротехнологиялық хаб деңгейіндегі мұндай ауқымы кең институтты құру туралы шешім аяқ асты қабылданған жоқ, бұған ұжымның көптеген жылдар бойы атқарған жемісті жұмысы себеп болды. Бұл Халықаралық институт – мемлекеттің және жеке-меншік сектордың ресурстарын бір арнаға топтастырып, оларды ел үшін пайдасы мол, келешегі бар инновациялық жобаларға аударатын еліміздің аграрлық секторындағы алғашқы ірі институттың бірі.

Институт құрамына университет жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, Су инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриялды инновациялық даму бағдарламасы аясында мамандар дайындайтын Азық түлік сапасы және технологиясы орталығы, «Агроинженерлік мәселелер және энергия үнемдеу» орталығы, Тұрақты егін шаруашылығы орталығы сияқты қолданыстағы орталықтар біріктірілген. Бұл инновациялық орталықтар мен зертханаларды ауыл шаруашылық кәсіпкерлері шикізат пен дайын өнімге сараптама жасау, топырақ, су және т.б. сапасын анықтау үшін пайдаланады.

Жиын барысында ректор бүгінгі күні Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті бейіндік магистратура негізінде Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандар дайындалып жатқанын атап өтті. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тамақ өнеркәсібі, агрохимия, ауыл шаруашылығы техникасы, ауыл шаруашылығы салалары бойынша практикалық-бағдарланған жоғары білікті кадрлар дайындау.

Есеп беру жиынындағы негізгі баяндамадан кейін жиналған қауым тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Әр сұраққа университет басшысы тұшымды жауаптарын берді.

bottom of page