Ақтөбелік 34 ұстаз дипломсыз жұмыс істеген
Білім ордаларында еңбек ететін 34 ақтөбелік мұғалімнің дипломы жоқ боп шықты. Прокурорлық тексеру кезінде олар жалған құжатпен жұмысқа орналасқаны белгілі болды, деп хабарлайды "Современное образование" журналының тілшісі 24.кз сайтына сілтеме жасап.

7-і арнаулы білім беретін колледждерде, 11-і мектептерде және 13 тәрбиеші балабақша бөбектерімен жұмыс істеген. Тіпті музыкалық колледжде, фортепиано класында біліктілігі құжатпен дәлелденбеген 5 азамат тәлім берген. Қолындарындағы құжатқа сәйкес олар Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетті тәмәмдаған. Алайда прокурорлар бұл жоғары оқу орнында аталмыш мамандарды даярлайтын факультеттің жоқ екендігін айтып отыр. Сондай-ақ қадағалаушы орган ел аумағында диплом саудалаған 19 интернет парақшасының қызметін тоқтату туралы сотқа арыз берді.
Бақытжан Ешмағамбетов, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокурорының орынбасары: - Талдау нәтижелері бойынша жалған құжаттарды пайдаланған және осы құжаттарды әзірлеген тұлғаларды анықтау мақсатында материалдар ішкі істер органдарына жолданды. Осымен бірге Ақтөбе қаласы әкімінің атына және білім басқармасы атына заңбұзушылықты жою туралы ұсынулар енгізілді.