top of page
Поиск

Қайта даярлау курстарын аяқтағандар жұмыспен қамтылады


Өңір басшысы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрларды қайта даярлау курстарын тәмамдағандардың жұмыспен қамтылу деңгейінің төмендігіне назар аударды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.


Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте Болат Бақауов облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысына баға берді. - Облыстық әлеуметтік қорғау басқармасы қыруар жұмыс көлемін атқаруда. Республикалық деңгейде нәтиже жаман емес. Жыл қорытындылары бойынша министрлік тағайындаған көрсеткіштерге қол жеткізетіндігіңізге күмән келтірмеймін»,- деді Болат Бақауов.

Сонымен бірге облыс әкімінің пікірінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының кейбір тұстарының жүзеге асырылуы тиісті деңгейде емес. Оның ішінде Болат Бақауов қайта даярлау курстарын бітіріп шыққан мамандар арасындағы жұмыспен қамту көрсеткішінің төмендігіне баса көңіл аударды. - Үш жыл ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша көптеген адам оқып шықты, - дейді Болат Бақауов. – Қыруар қаражат жұмсалғанымен, бос жұмыс орындары толмаған күйде сақтаулы. Жұмыстың тиімділігі қайда? Өңір басшысының айтуынша, облыста жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігі сезілуде. - Жақында «СтеклоМир» кәсіпорнын аралап шықтым. Онда адам жетіспей жатыр. Кез келген кәсіпорынға барсаңыз, барлық жерде 120-150 мың теңгеге жұмыс істейтін адам таба алмай жүрміз деп айтады. «Нефтехим ЛТД» ұйымында да жағдай осындай. Оқытқан адамдарымыз неге жұмыс істегісі келмейді? – дейді Болат Бақауов. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуына қарағанда, мұның себептерінің бірі – жұмыс берушілердегі жауапкершіліктің жоқтығы. - Біз жұмыс берушілердің өтініштері бойынша жұмыс істейміз, - дейді Қайрат Нұрмағамбетов. – «Нефтехим ЛТД» алып қарасақ, олар биыл 139 тігінші сұраған. Үш ай ішінде оларды оқытып шықсақ, «Нефтехим ЛТД» мамандарымызды жұмысқа алудан бас тартты.


Қайрат Нұрмағамбетов атап өткендей, аталған ұйымға жіберілген 137 тігіншінің небәрі 49-ы ғана жұмысқа қабылданды. Қалғанын «Нефтехим ЛТД» үш айлық мерзімді күтпей сырттан алған. Қазіргі кезде облыстық басқарма ҚР Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігіне жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныс жолдаған.


Айта кетейік, биыл өңірімізде кадрларды қысқа мерзімді даярлау бойынша 1234 адам мамандық алса, олардың небәрі 701-і жұмысқа қабылданған.



Ақпарат көзі: inform.kz

bottom of page