top of page
Поиск

Ауыл мектептерінде білім беру сапасы артады



Ауыл мектептерінде білім сапасын арттыруға арналған пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».


Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. Үкімет басшысының орынбасары бүгін елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, оқушылардың жетістігімен танысты. Сол жерде кабинеттердің техникалық мүмкіндігін қарап, «Ауыл мектебі» жобасымен танысты. Бұл бағдарлама шеңберінде ауыл мектептерінің талап-сұранысын зерттеп, ұсыныс-кеңестердің негізінде олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту көзделген. Бердібек Сапарбаев ұсынылған жобаны мақұлдап, Білім және ғылым министрлігіне пилоттық жобаны Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында енгізуді тапсырды.


Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Балалар бос уақытын тиімді пайдалану керек. Егер балалар неғұрлым мектепте көбірек болатын болса, соғұрлым олар бос уақытын тиімді пайдаланады. Ол тек қана сабаққа емес, сабақтан тыс спорт бар. Мәдениет пен өнер бар. Бір жағынан баланың дамуына, екінші жағынан тәртібіне, үшінші жағынан қылмыс жасамайды деген сияқты. Ата-анасы да көп уайымдамайды. Балам 5-6-ға дейін мектепте.

bottom of page