Қазақстандағы 64 жоғары оқу орнында «Таза сессия» атты акция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәтижесі бойынша жемқорлыққа қарсы күресте сылбырлық танытқан 7 білім ордасының тізімі жасақталды. Осылайша, «Жас Отан» жастар қанаты әлеуметтік зерттеу жүргізіп, оның қорытындысын білім және ғылым министрлігіне жолдайтын болады.
«Жас Отан» жастар қанаты қолға алған «Таза сессия» акциясы қараша-қаңтар айлары аралығында өтті. Әлеуметтік сауалнаманың 21 сұрағына 64 оқу ордасының 20 мыңнан астам студенті жауап берген. Қорытынды бойынша жемқорлыққа жол берген 7 жоғары оқу орнының тізімі жарияланды.
Елнұр Бейсенбаев, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:
– Студенттер тарапынан әлеуметтік желіге көптеген арыз-шағым түсіп жатыр, «Жас Отанның» жеке блогына, сайты мен поштасына жазып жатыр. Бұл Жоғары оқу орындарында жемқорлықтың бар екенін тағы бір дәлелдесе керек. Мұнымен бірлесе отырып, күресуіміз қажет.
«Жас Отан» жастар қанаты студенттердің тұрмыс-тіршілігін де бақылап отыр. Республикадағы 645 жатақханада арнайы рейд жүргізілді. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, елдегі 66 жатақханада қарапайым санитарлық және өрт қауіпсіздігінің нормалары сақталмай келген.
Елнұр Бейсенбаев, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:
– Мен Нұр-Сұлтан қаласының 5 жатақханасын, өңірлердегі 10 жатақхананың жағдайын өз көзіммен көріп қайттым. Елордадағы кей жатақхананың жайын көріп, жағамды ұстадым. Мәселен, бір жерде тамақ пісіріп, сол жерде кір жуатын жайттарды кездестірдім. Алдымен бөлмелерді аралап, ас пісіретін плиткаларды көргенде не себепті арнайы орында тамақ пісірмейсіздер дегенімізде, студенттер әлгі жерде ас пісіруге тиісті жағдай жасалмағанын айтып, шағымданды. Соның өзінде, қазіргі таңда 92 мың студентке жатақханадан орын бұйырмай тұр.
«Жас Отан» жастар қанатының белсенділері осы және өзге де мәселе жайлы білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жолдап, түйткілдерді тездетіп шешуге ұсыныс түсіреді.