1 маусымға дейін ЖОО-лар мен колледждер құжат қабылдауға толық дайын болуы керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз қазір қабылдау комиссиясы үшін электронды нұсқада келген өтініштерді қалай өңдеп, келген сұрақтарға қалай бірден жауап беру туралы оқу курстарын өткізіп жатырмыз. Біз 1 маусымға дейін ЖОО мен колледждердің осындай ішкі жұмыстарын толық бітіріп, құжат қабылдауға толық дайын болуымыз керек», - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, құжаттарды электронды түрде қабылдау кең қолданысқа ие.
«Колледждерде тамақтану, жатақханадан орын алу мәселесі бар. Осындай қызмет түрлерінің әрқайсысына бөлек-бөлек өтініш жазып, жекелей құжат жинау керек болатын. Енді абитуриент құжат тапсырғаннан кейін ақпараттық жүйеден оның әлеуметтік мәртебесі, мекен-жайы көрсетіледі және тамақтану қызметі мен жатақханадан орын бірденберіледі», - дейді ол.