Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова мұғалімдердің ұлттық біліктілік тестілеуден өтуіне қатысты желіде тараған әртүрлі пікірге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова Ұлттық біліктілік тестілеуді өткізу мәселелері бойынша онлайн баспасөз мәслихатында әлеуметтік желіде тарап жатқан әртүрлі әңгіме алаңдатып отырған мәселе екенін жеткізді.
«Ұлттық біліктілік тестілеуге қатысты заңбұзушылықтар болмауы тиіс. Бүгінгі күні мұғалімдердің арасында ақша жинау, оны тапсыру секілді сұрақтардың бары айтылуда. Бұл қаншалықты шындық? Осындай мәселе бар ма? Әрине Білім және ғылым министрлігі неғұрлым осы тестілеуге қатысты ашықтықты қамтамасыз ету керектігін ұстанып отыр. Әрбір мұғалім осы тестілеуге барған кезде толығымен объективтілікті қамтамасыз етуге байланысты барлық жағдай жасалған. Сондықтан ешбір заңбұзушылыққа баруға тиісті емеспіз. Үзілді-кесілді ондай жағдайды болдырмау керек», - деді Шолпан Қаринова.
Министрлік осындай заңбұзушылықты болдырмау үшін барлық шараны қарастырмақ.
Айта кетсек бұған дейін Шолпан Қаринова биыл ұлттық біліктілік тестілеуден 160 мың мұғалім өтетінін хабарлаған болатын. Тестілеуден өткен мұғалімдердің жалақысы 1 қыркүйектен бастап өседі.