Мыңдаған қазақстандық мектеп түлегі үлкен өмірге қадам басып жатыр және олар үшін алғашқы трамплин - мамандық таңдау, ҰБТ тапсыру және жоғары оқу орнына түсу. ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев таңдауды қалай жасау керек екенін, неден бастап, не нәрсеге дайын болу керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ең алдымен, Ә. Тойбаев болашақ мамандықты таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарауды, еңбек нарығында кәсіптің сұранысқа ие болуын ескере отырып, келешегін бағалауды ұсынды. Департамент директоры бұл процеске ата-аналары мен жақындарын да қатыстыруға, тіпті сынып жетекшісімен кеңесуге шақырды. Бала өзінің мүмкіндіктерін, мамандыққа бейімін, әлеуетін түсінуі қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
«Әрине, өз бейіміңізді ескере отырып, болашағыңызды қалай елестететініңізді, алдағы жоспарларыңызды одан әрі қалай іске асыратыныңызды да есепке алған жөн. Егер сіз жаратылыстану ғылымдарына көбірек бейім болсаңыз, тиісті бағытты таңдауды ұсынамыз, гуманитарлық салада да осылай. Келесі қадам – мамандық сәйкес келетін бейінді пәндерді анықтау. Бейіндік пәндері бар білім бағдарламалары топтарының тізбесін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан табуға болады», - деп бөлісті Әділет Тойбаев.
Оқуға түсуші Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. ҰБТ нәтижелерін ескере отырып, одан әрі білім беру грантын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар тапсыру кезеңі жүргізіледі. Бұл рәсім 13-20 шілде аралығында Электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. «Егер талапкер кәмелетке толмаған болса және ЭЦҚ-сы болмаса, оны заңды өкілдің қатысуымен жасауға болады.
Егер түсушінің ЭЦҚ-сы бар болса, ол құжаттарды өзі бере алады, бірақ бұны ата-анасының қатысуымен жасауды ұсынамын. Электрондық үкімет сайтында білім беру бағдарламаларының нақты топтарын, ЖОО-ны таңдауға және конкурсқа қатысуға өтініш жіберуге болады. Өтінішке білімі туралы құжатты, ҰБТ сертификатын, 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса тіркеу қажет. Оқуға түсуші конкурс қорытындысы бойынша гранттың тағайындалған немесе тағайындалмағаны туралы жауапты порталда алады. Егер жауап оң болса, сіз грант туралы электрондық куәлік аласыз», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.
Одан кейін порталдан грант жеңіп алған ЖОО-ға тіркелуге өтініш бересіз, осы жерде жатақханадан орын алуға да өтініш тапсырасыз. .
«Мұнымен қабылдау рәсімі аяқталмайтынын айта кету керек. Талапкер белгіленген мерзімде ЖОО-ға келіп, білім беру қызметін көрсету туралы шарт жасасуы тиіс. Егер мұны жасамаса, онда тіркеу жүзеге асырылмайды және заңды күшіне енбейді», - деп түсіндірді Әділет Тойбаев.