Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов жоғары оқу орындарының академиялық-басқарушылық дербестігін күшейтуге бағытталған шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда негізінен төрт субъект жоғары оқу орындарынан ақпаратты сұрай алады. Олар - жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім департаменті, Болон процесінің орталығы, ақпарат-аналитика орталығы және халықаралық бағдарламалар орталығы. Осыған байланысты Ұлттық білім беру туралы мәліметтер базасынан автоматты түрде алуға болатын ақпараттарды ЖОО-лардан сұратуға тыйым салуды ұсынамыз. Яғни ведомствоішілік ұйымдарымыз ашық ақпарат көзінде бар мәліметті сұратпауы тиіс», - деді Мирас Дәуленов Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиынында.
Вице-министрдің айтуынша, екіншіден Болон процесінің орталығы, ақпарат-аналитика орталығы және халықаралық бағдарламалар орталығы ЖОО жұмысына қатысты ақпараттарды жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім департаменті арқылы ғана ала алатындай жүйе орнатылуы тиіс.
«Сондай-ақ жеке бастама бойынша сұраухат жолдауға тыйым салу керек. Яғни департамент сұратқан әрбір сұраныстың негізі болғаны дұрыс. Мәселен сұраныспен бірге министрдің немесе вице-министрдің бұйрығына сілтемемен ғана сұранысты жіберуге болатындай ету керек. Осының бәрі де жоғары оқу орындарының академиялық-басқарушылық дербестігін күшейтуге бағытталған», - деді ол.