Шымкентте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы және «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы аясында «Ойлы болсаң, озып көр!» атты байқауы басталды.
Іс-шараны қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы ұйымдастырып отыр. Оның жүзеге асуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қолдау көрсетуде. Осы жоба аясында қала мектептерінде шахмат өнері пән ретінде енгізіліп, интеллектуалдық ойынның өрісі кеңейе түспек.
Бұл жобаның мақсаты жастарды зияткерлік спорт түріне баулуға бағытталған. Шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы ойындары арқылы мидың дамуын арттырып, саналы ұрпақ қалыптастыру. Яғни бала шахмат ойынында ә түрлі әдіс қолданып, стратегиялық қабілетін шыңдайды. Бұл ойлау жүйесін жандандырады.
Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:
- Қаламыздағы бас-аяғы 148 мектепте бастауыш сыныптарында дене шынықтыру сабағының орнына 1 сағат аптасына шахмат сабағы болады. Шахмат баланың ойын дамытуға, ойларын үйлестіруге, оны бір саралауға септігін тигізетін бірден-бір ойын.
Бүгін басталған «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры – 2,5 млн теңге. Сайыс жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Оған оқушылар, ересектер және ардагерлер қатысуда.
Зейнеп Сұлтанбек, жарысқа қатысушы:
- Менің шахматпен шұғылданып жүргеніме 10 жыл болды. Күнде 4 сағат шахматпен айналысамын. Бүгінгі блиц турнирі. Біздің қала әкімінің арқасында өтіп жатыр. Мен 17 жасқа дейінгі группада ойнайтын боламын. Осы қаламыздан іріктелген 10 адаммен ойнаймын.
Бұл интелектуалды байқауда кәсіби мамандар төрешілік етеді. Олардың айтуынша, ойындар ақыл-ой тәрбиесіне, жеке адамды қалыптастыруға ерекше ықпал етеді.
Ақпарат көзі: 24.kz