Елімізде жеке репетиторға сұраныс шамамен 30%-ке артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі қашықтан оқытудың салдарынан оқушылар бағдарламаны толық меңгере алмай жатыр. Сондықтан ата-аналар жеке мұғалім жалдап, баланы қосымша оқытуға мәжбүр. Әрине, жағдайы бар ата-аналар ғана шығынды көтере алады.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Жұлдыз Боскеева – 11-сынып оқушысы. Елордалық лицейдің бірінде оқитын жеткіншек мектептен тыс қосымша білім беру орталығына барып жүр. Қажет пәнді толық меңгеру үшін репетитордың көмегіне жүгіну Жұлдыз үшін қалыпты жағдай. Мектеп бітіргелі жатқан ол қосымша дайындығына түбегейлі ден қойған. Қазір SAT, IELTS, және ағылшын тілінен қосымша дәріс алып жүр.
Жұлдыз Боскеева, 11-сынып оқушысы:
- Мысалы мен 10-сыныпқа барған кезде 1,5 сағаттай курстарға барғанмын. Бірақ қазір мен 3 сағаттан немесе 5 сағаттан артық оффлайн курстарға барып жүрмін. Ол маған ыңғайлы. Себебі, біз мұғалімдермен қарым-қатынас жасай аламыз. Және де мұғалімдер де біздің эмоциямызға қарай біздің сабақты түсінгенімізді не түсінбегенімізді көре алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау үшін Жұлдыздың ата-анасы амалсыз айына 60 мың теңгеден артық ақшаны жұмсайды. Шындығы сол, қашықтан оқыту сапасына көбінің көңілі толмайды. Сол себепті арнайы орталықтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Сәйкесінше, сұраныс та біршама артты.
Қалиасқар Мағаз, қосымша білім беру орталығының мұғалімі:
- Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл енді 30-40%-ке артты деуге болады. Балалардың саны осы орталыққа келіп дайындалуы көбейді. Әсіресе, ондай жағдай бастауыш сыныптарда, екінші, бірінші, үшінші... Бастауыш сыныптар демекші, осындай оймен балаларын әкеп жатқан ата-аналар өте көп.
Сондай ата-ананың бірі – Аягүл Әлібекова. Егіз баласы биыл мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттады. Қос бүлдіршін кезекші сыныпқа барғанымен, сауатын ашып, математика мен логиканы жетілдіру үшін қосымша сабақ алады. Өйткені 20 минуттық сабақ оларға жеткіліксіз.
Аягүл Әлібекова, ата-ана:
- Егер де топта жұмыс істесе, бір сағаты 3 мың теңгеге шығады бір балаға шаққанда. Ал егер де жеке болса, бір балаға төрт мың теңге шығады. Біз қазіргі кезде топқа барып жүрміз. Маған екі балама бір айға 70 мың қосымша сабаққа кетеді.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, репетиторлыққа сұраныс соңғы он жылда артты. Қашықтан оқыту режиміне көшкелі тіптен еселене түсті.
Десе де, қызметтің бұл түрін мемлекеттік тұрғыдан қадағалау мүмкін емес.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Репетитордың жұмысы қадағаланбайды. Егер де жеке мұғалім жалдаған соң нәтижесін көрсе, онда әрине, оның қызметіне ары қарай жүгінеді. Сәйкесінше, ондай мұғалімге сұраныс артады. Берген сабағынан түк өнбесе, одан оңай бас тартуға болады. Бұл жерде репетиторлық қызмет пен оның сапасын нарық реттейді.
Репетиторға сұраныстың жылдан жылға өсе беруі жалпы орта білім сапасының төмендегенін білдірсе керек. Мұны депутаттың өзі мойындап отыр. Бұған күрделі бағдарлама, оқулықтар сапасы, мамандардың даярлығы сынды түрлі себеп бар. Бірақ сапалы білім беру кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан баланың болашағы үшін кез келген ата-ана қомақты қаржы құюға әзір. Жағдайы болса, әрине.