
«Болашақ» халықаралық шәкіртақыдан айырылған 25 қазақстандық мемлекетке қандай соманы қайтаратыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін мәлім еткеніміздей,30 қазан күні ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия 2 мәселені қарады: конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» шәкіртақысын тағайындау және жекелеген азаматтарды «Болашақ» шәкіртақысынан айыру.
Комиссия отырысының нәтижесінде 57 үміткерге «Болашақ» шәкіртақысы тағайындалды. Бүгін шәкіртақы иегерлерінің тізімі жарияланды.
Сондай-ақ комиссия мүшелері магистр дәрежесін алмауы және академиялық оқуды аяқтамауына байланысты 25 шәкіртақы иегерлерін шәкіртақыдан айыру туралы шешім қабылдаған болатын. Анықталғандай, олар мемлекетке 800 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.
«Болашақ» халықаралық шәкіртақы ҚР Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. Бағдарламаны іске асырудың 26 жылында 13 978 стипендия тағайындалды. Оның ішінде 1994 жылдан 2004 жылға дейін – 785 стипендия, 2005 жылдан 2020 жылға дейін – 13193 стипендия берілді. 13193-тен 3379 стипендия бакалавриат, 7231 – магистратура, 35 – аспирантура, 87 – клиникалық ординатура, 347 – докторантура, 2114 – тағылымдама бағдарламалары бойынша үйлестірілді.