Петропавлда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Minecraft платформасында өздері оқитын білім ошағының вертуалды нұсқасын жасап шығарды.
Енді жаңа оқу жылында мектепке қабылданған жастар онлайн түрде нысанға саяхат жасай алады. Тіпті бұл жоба арқылы олар күнделікті сабаққа қатысып, түрлі жарыстарда бақтарын сынамақ. Оның тағы қандай ерекшеліктері бар?
Арлан Мұхамеджанов – Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы. Екі жарым ай бойы ол өзінің достарымен бірге қашықтан сүйікті мектебінің виртуалды нұсқасын жасады. «Компьютерде ғимараттың көшірмесін айнытпай салуда біраз қиындықтар болды», – дейді ол.
Арлан Мұхамеджанов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Нысанның іргетасын қалау қиынға соқты. Себебі мұнда барлығы квадратпен өлшенеді. Бір жақсысы, бізде ғимараттың толық жоспары болды. Әр кабинетті, акт залын, ондағы жиһаздарды айнытпай салдық. Енді компьютерден бөлек ұялы телефон арқылы біздің мектебімізге онлайн экскурсия жасауға болады.
Бұл платформада оқушылар түрлі спорттық жарыстарға да қатыса алады. Тіпті квест ойнауға да мүмкіндік бар. Тек онлайн түрде, әрине. Ал жобаны жүзеге асыруға карантин сеп болған.
Данияр Уәлиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:
– 7-сыныпқа жаңа студенттеріміз келді. Олар бұл мектепті әлі көрген жоқ. Локацияны көрсету мақсатында ойынында мектептің түпнұсқасын жасамақ болдық. Бұл картаны енді біз болашақта оқу процесінде қолданамыз, яғни осы жерде сабақ өткізуге болады.
Ал болашақта оқушылар тарихи орындардың осындай нұсқасын жасауды жоспарлап отыр. Әзірге Айғаным, Ботай қоныстары және Ағынтай мен Қарасай кешенін салмақ ниетті. Қазір бұл киелі орындар жайлы қажетті ақпараттарды жинастырып жатыр.
Ақпарат көзі: 24.kz