главная

Елімізде филологтар мен тіс дәрігерлерінің тең жартысы жұмыссыз

 

Отандық білім беру саласында кілтипан көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

 

Мәселен, қолында дипломы бар филологтар мен стоматологтардың тең жартысы мамандығы бойынша жібі түзу жұмыс таппай жүр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген талдау қорытындысы осындай.

 

Отандық білім беру саласына қатысты бірқатар сынды жалқау адам ғана айтпайтын шығар. Статистика бойынша, университет тәмамдаған әр төртінші түлек екі қолға бір күрек таппай келеді. Жергілікті жоғары оқу орындарында қолданылатын білім беру бағдарламаларының 70-тен астам проценті жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Мәселен, осындай олқылықтарға байланысты 10 университеттің жұмысы тоқтатылды. Серік Еслямов 30 жылдан астам уақыт бойы бағдарламашыларды даярлап келеді. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі ақауларға бейжай қарай алмайды.
 

Серік Есләмов, оқытушы:

– Менің ойымша, себеп көп. Дайын маман қолына диплом алғанымен, шаруа бітпейді. Жалақысы көңілінен шығатын жұмыс таппайды. Оқытушылыққа, ғылымға, білім беру саласына бармайды. Мамандар тапшылығы осыдан пайда болады деп ойлаймын.

 

Ал студенттердің айтуынша, оқытушы мансабы көпшілікті қызықтырмайды. «Қазіргі таңда жоғары табысқа кенелу үшін инвестиция мен стартаптардан бастаған жөн», – дейді олар.

 

Студенттердің осындай пікіріне де түсіністікпен қарауға болатын шығар. Бәлкім, кім білсін. Отандық экономикаға қомақты инвестиция құятын немесе шет мемлекеттерден тартатын нағыз білікті мамандар шығар.  

 

Давид Долгов, студент:

– Информациялық жүйелер мен есептеу техникасы қазір үлкен сұранысқа ие мамандық түрлері. Қазіргі таңда тағылымдамалардан өтіп, біліктілігімді арттырғым келеді. Университеттер тарапынан ұсыныстар бар. Немесе онлайн арқылы табуға болады.

 

Осылайша, білім беру сапасын қалай анықтауға болады? Көрсеткіштері қандай? Қызығы сол, ЖОО-нан кейін жұмысқа тұру жағы негізгі көрсеткішке жатпайды.

 

Айжан Дайырбаева, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры:

– Бірінші кезекте – сұраныстың болуы. Сұраныс тек белгілі бір бағытта емес, жан-жақты сипатқа ие көрсеткіш. Мәселен, кәсіби маман өз бизнесін ашып, жұмысқа тұрудан бұрын, бәлкім жұмысқа қабылдаушы тарапқа айнала алады. Мысалы, біздің университет қабырғасында бизнес инкубатор бар. Жастар өз стартаптарын сонда жүзеге асырып, жетілдіреді. Кәсібін дөңгелетіп алған алғашқы жеке кәсіпкерлер де бар.

 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жоғары оқу орындарында жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, қолында дипломы бар филолог пен стоматолог мамандардың жартысынан астамы көңілінен шығар жұмыс таппай жүр. Олардың қатарында түлектердің 40 проценті жалпы медицина факультетін бітіргендер. Жаңа оқу жылында аталған мамандық түріне 2 мыңнан астам грант бөлінді. Мемлекет әр студентке шамамен 1 млн теңге жұмсайды. Қызығы сол, медицинада кадрлар жетіспегенімен, саладағы жас мамандар жұмыссыз қалып отыр. 

 

Please reload

© 1999-2019  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon