top of page
Поиск

«Қобыланды батыр» жырын жатқа оқыған оқушы 1 миллион теңгеге ие болды

Көнеден жеткен жыр-дастандар өскелең ұрпақты ұлт мұрасын ұлықтауға тәрбиелейтін айрықша құрал. Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының қалалық кезеңі мәреге жетті. Қалың көпшілікті саф өнерге сусындатқан жыр додасы «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының аясында қала әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр.

Осымен екінші жыл қатарынан шымылдығын түрген айтулы жоба мектеп оқушыларын халық поэзиясы мен қазақтың рухани асыл мұрасына сусындатып, елдік рухта тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Биылғы додада Алматы қаласындағы 100-ден аса мектептен барлығы 1100 оқушы және оларды баулыған 600 тәлімгер бақ сынады. Қалалық кезеңнің ақтық сынына 8 ауданнан суырылып шыққан 24 оқушы өнер көрсетті.


Байқауға айтулы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қазылық жасады. Атап айтар болсақ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының басшысы Мамай Ахетов, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ Журналистика факультетінің деканы, ақын Сағатбек Медеубекұлы, Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжі «Халық әні» бөлімінің меңгерушісі, әнші Талғат Әбуғазы, «Заң» медиа-корпорациясының басшысы, журналист Досымбек Өтеғалиев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қуаныш Жұмабекұлы оқушылардың өнерін бағалады.


Байқаудың алғашқы сынында өрендер жұптасып өнер көрсетті.


Әділ қазылар мен жиналған көпшілік алдына шыққан 12 жұп «Қобыланды батыр» жырының кез келген жерінен үзінді оқып, бірін-бірі жалғастырып отырды. Олардың ішінде эпостық жырды мүдірместен оқығандар да, әдемі мақаммен, әртістік қабілетін паш еткендер де, тіпті домбырамен сүйемелдеп, әуен арқылы әсерлі етіп жеткізгендер де болды. Қазылар қойған ұпай сандары бойынша екінші кезеңге жолдама алған 12 оқушы әдебиет теориясы бойынша сұрақтарға жауап берді. Айта кетерлігі, сұрақтар әр қатысушының қай сыныпта оқитынына байланысты арнайы таңдап алынған. Ал байқаудың үшінші кезеңіне билеттегі сұраққа және әділ қазылардың сауалына қатесіз жауап беріп, жоғары ұпай еншілеген 5 оқушы өтті. Олар ақтық сында «Қобыланды батыр» жырындағы көнерген сөздердің мағынасын ашып, жырдың сол сөз кездесетін бөлігін жатқа айтты.


Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары ұпайына ие болған жеңімпаздар мен олардың тәлімгерлері ақшалай қомақты сыйлыққа ие болды.


– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаның маңызы зор. Өткен жылы Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен басталған «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы биыл «Қобыланды батыр» дастанын дәріптеуге ұласты. Жобаның мақсаты – қазақ ауыз әдебиетінің алтын өзегі батырлар жырын жастар арасында дәріптеу, өскелең ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, жігерін жану. Елдік пен ерлік, әділдік пен шыншылдық, батырлық пен жанашырлық секілді асыл қасиеттерді жастардың бойына дарыту. Жобаға оқушылармен қатар оларды дайындаған мұғалімдер тарапынан да қызығушылық артуда, – дейді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшының орынбасары Шегебек Қауымбаев.

bottom of page