top of page
Поиск

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымы ЮНЕСКО-ның арнайы марапатына ие болды


Мектеп әлемін мұғалім ғана өзгерте алады. Ол үшін ұстаздың білімі мол, білігі жоғары болуы керек.


Елордада «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен XI халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.


Әлемнің 17 елінен келген ұстаздар өзара тәжірбие алмасып, ой-толғамдарын ортаға салуда. Мысалы, мұғалімдердің үздіксіз білім алуы, білімнің мазмұнын жетілдіру, оқушыға қолайлы орта қалыптастыру сияқты мәселелер жан-жақты талқыланып жатыр. Әлемнің үздік университеттерінен келген профессор -ғалымдар мұғалімдерге дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізеді. Сондай-ақ «Үздік постер», «Үздік презентация» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Ал, «Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымы» ЮНЕСКО-ның білім саласындағы арнайы марапатына ие болды.

Гер Граус, «KidZania» халықаралық білім беру бағдарламаларының директоры:

- Білім беруде технологиядан бұрын оқушылар маңызды. Біз мұнда өз бағдарламамызды таныстырып, жобамыз жайында айтуға келдік. Оқушы сабақты қызығушылықпен оқуы тиіс. Әлемді аралаған кезде балалардан не себепті мектепке баратындарын сұрадым. Көбі «баруға міндетті болған соң амалсыз барамыз», деп жауап берді. Мен олардан «білім алу үшін қызығып барамын» деген жауап естігім келген еді. Сондықтан біз балаларды қызықтыра білуіміз керек. Олар мектепке қуана барулары тиіс.


Айжан Иманбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Мұғалімдер өзгерсе, әлем өзгереді деп түсінемін. Яғни, мұғалім әлемді өзгертетін тұлғаларды дамытуы керек, қалыптастыруы керек. Себебі, қазіргі таңда біз тұрақсыз өзгермелі XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біз алдағы уақытта балалардың да осындай өзгермелі өмірге дайын ұрпақ тәрбиелеу үшін мұғалім өзі өзгеруі керек.

bottom of page