top of page
Поиск

«Суретті түсірген Мамыржан Ботабеков»

Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі Олжас Сүлейменов атындағы гуманитарлық тәрбие-білім беру институты залында Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ҚазҰАУ Фотостудия секторының меңгерушісі, кәсіби фотосуретші Ботабеков Мамыржан Жүнісқұлұлымен кездесу кеші өтті.

«Шынайы өнерде шекара жоқ» атты шығармашылық кешті ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Есполов Тілектес Исабайұлы ашып, өз ісінің нағыз маманы Мамыржан Ботабековтың фотоөнер саласындағы ерен еңбегін айрықша атап өтіп, университеттің тыныс-тіршілігінен хабар беріп, сыр шертетін фототуындыларының ерекшелігіне, кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеттеріне тоқталды.

Кездесу барысында осы кешті ұйымдастырушы Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Дәуренбаева Жанара Әбжанқызы – Мамыржан Жүнісқұлұлы өзінің фототуындылары арқылы универсиеттің ақпараттық имиджін көтеруге елеулі еңбек сіңіріп келе жатқанын атап өтті.

Бала кезден әкесінің ізін жалғап, әуесқойлықпен басталған бойындағы суретке түсіру өнері 1984 жылы Германияда әскери борышын атқарып жүрген кезіңінде ұштала түсіп, арнайы «Фотография» курсын оқуға жетеледі. Әскерде жүріп қатысқан фотографтар байқауында «жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар» шығып, жүлделі орыннан көрінді. Әскери борышын өтегеннен кейін, сол елде арнайы тапсырмамен тағы да сегіз жыл қызмет етті. Сол кезеңдерде өзі секілді қарапайым қазақ баласының арасынан шығып, шетелдік фотоқұрылғыларды жетік меңгеріп, мықты неміс фотографтарымен иық тіресе жұмыс істеуі бір жағынан, үлкен мақтаныш болса, екінші жағынан, өте сирек кездесетін жағдай.

Неміс жерінде әскери қызметте жүріп фотосурет өнеріндегі жинақтаған мол тәжірибиесін елге келгеннен соң Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, респуликалық қоғамдық-саяси «Парасат», «Бәйтерек» журналдарында, «Алматы ақшамы» газеттерінде сәтті жалғастырды. Осы кезеңдерде қалың жұртшылыққа, баспасөзді қалт жібермейтін талғампаз оқырман алдында ол жаны бар фото суреттерімен танылды. Мерзімді басылымдар мен альбом-кітаптарда «Суретті түсірген Мамыржан Ботабеков» деген жазумен таңбаланған суреттер көптеп жариялана бастады.

Кәсіби фотограф ретінде бірнеше шығармашылық көрмелері де табыспен өтіп, лайықты бағасын алды. Өнер иесінің «Әлемді сұлулықпен сезіну», «Менің сүйікті университетім», «Туған жердің табиғаты», «Менің Қазақстаным», «Олжас өнегесі» тақырыптарындағы фотосурет көрмелері жұртшылық көңілінен шықты.

Бүгінгі күні отандық аграрлық ғылым мен білімнің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің фотостудиясын үлкен жауапкершілікпен басқарып, осы өнердің қазақ жастары арасында кеңінен таралуына мұрындық болып, шәкірттер тәрбиелеп, шығармашылық табыстарымен қуантып келеді. Аграрлық университеттің тарихы мен бүгінгі күні туралы түсірген фотосуреттерінің орны бір бөлек.

Кәсіби саладағы елеулі еңбегі және табысты қызметі үшін әр жылдары «Жылдың үздік фотографы» атты О.Сүлейменов атындағы диплом, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 70 жылдығы, ҚазҰАУ 80 жылдығы орай «Құрмет» грамоталары, «Айрықша еңбегі үшін» медалі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне байланысты «НұрОтан» париясының Алғыс хаты, ҚазҰАУ 85 жылдығына орай «Аграрлық білім, ғылым және өндірске қосқан үлесі үшін» медалімен, «ҚазҰАУ-85 жыл!» Алтын медалімен және т.б. марапатталды.

Өмірдің үлкен мектебінен өтіп, талай әлемдік тұлғаларды да, бірнеше елдердің Президенттері мен министрлерін, танымал адамдарын фотоға түсірді. Ерекше суреттерден тұратын архивы де өте де бай.

Биыл университет ректоры Тілектес Исабайұлының ұсынысымен ҚазҰАУ-дың ғылым-білім, халықаралық байланыстар, тәрбие және студенттер өмірін қамтыған Мамыржан Ботабековтың түсірген 500-ден астам фотосуреттер әр оқу ғимараттары мен орталықтарына, Студенттер Үйіне көрмеге қойылды. Алдағы жылы 90 жылдығын кең көлемде атап өткелі отырған университет үшін бұл фотоайғақтардан тұратын үлкен тарих, ескірмейтін естелік.

Кездесу кешінде «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, академик Хангелді Әбжанов, Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасының басшысы, ақын, журналист Алмат Исәділ, «Теле-радиостудия» меңгерушісі Саниязбек Нұғыман сынды әріптестері мен әр факультеттің студенттері, «Назарбаев білім-ғылым орталығының» белсенді жастары жылы лебіздерін білдірді.

Халықаралық шығармашылық байқаулардың лауреаты Қанат Әмірханов пен «Технология және биоресурстар» факультетінің 2 курс студенті Бекзат Қайрединов арнау айтып, әнші Қуаныш Жантұрған Абай әндерін шырқады. Кездесу барысында фотосутретші Мамыржан Ботабековтың шығармашылық жолы туралы шағын бейнефильм көрсетілді.

Кешті қортындылаған университет басшысы, академик Тілектес Есполов Қазақстанның Мәдениет қайраткері, кәсіби фотосуретші Мамыржан Ботабековке ҚазҰАУ «Құрмет грамотасы» мен «NurOtan» партиясы Медеу аудандық филиалының «Алғыс хатын» табыс етті.

Білім мен мәдениеттің игілігіне еңбегін арнап жүрген әріптесіміздің еңбектері рухани естелік-мұраға айнала берсін!

bottom of page