top of page
Поиск

Павлодарлық оқушылар мамандықты мектеп қабырғасында меңгереді


Ертіс өңірінің оқушылары мектеп қабырғасынан бесаспап маман болып шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».


Кәсіби бағдар беру жобасы арқасында балалар жетінші сыныпта оқып жүргенде арнайы курстарға қатысып, кейін оқуға түсу мүмкіндігіне ие. Қазір облыс орталығының білім беру ошақтарында 12 мамандық бойынша арнайы курстар жүргізіледі. Басым бөлігі жұмысшы мамандықтар. Жалпы индустриялық аймақта өндіріс, химия, металлургия салаларына маман қажет. Мәселен, полимер өнімдерін шығаратын кәсіпорында 900-ден астам адам еңбек етеді, олардың жартысына жуығы – жастар. Десе де, тігінші, химик-технологтар да жетіспейді. Енді осындай кадр тапшылығына жол бермеу үшін оқушыларды ертерек баулу қолға алынған. Оқушылар кейін жұмыспен қамтылуы үшін «Мектеп-колледж-жоғары оқу орны-кәсіпорын» моделі бойынша серіктестік орнаған. Айта кетейік, бүгінде мектептен тыс арнайы курстарға 2000-нан астам оқушы қатысып жүр. Алдағы уақытта бұл тәжірибе ауылдық мектептерге де енгізіледі.

Маргарита Хорошавцева, оқушы:

– Менің сыныптастарым болашақ мамандықтарын таңдап қойды. Біз зауыттарда еңбек еткіміз келеді. Себебі, жұмысшы мамандықтарда әлеуметтік қолдау жақсы, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндіктері жетерлік. Мақсатымызға жету үшін химия пәнін тереңдетіп оқып жатырмыз. Кәсіпорындардың жұмысымен танысудамыз.


Гүлмира Мантықова, №28 орта мектептің директоры:

– Мектебімізде 900-ден астам оқушы білім алса, олардың 30 проценті кәсіби бағдар курстарына қатысуда. Оқу үрдісіне жетінші сыныптан бастап, химиктерге арналған ағылшын тілі, полимер өндірісінің негіздері, кондитерлік өндіріс сияқты курстар енгізілген. Балаларымыз колледжге түсіп, мамандық иесі атанғысы келеді.

bottom of page