главная

Қ.Тоқаев: Абайды ұлықтау рухани тұрғыдан даму үшін қажет

Абайды ұлықтау тойлау үшін емес, ой-өрісті кеңейтіп, рухани тұрғыдан даму үшін қажет. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың болмыс-бітімі, тұрмысы, мінезі, жалпы тұтас бір ұлттың рухы көрініс табады.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» деген тақырыппен бүгін жария көрген мақаласында осылай делінген. Мемлекет басшысы данышпан ақынның әр сөзінің мән-мағынасына үңіліп, жан-жақты талдап жазған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. 

 

Мақаланы ақын-жазушы мен ағартушыдан бастап әр қазақ зор ықыласпен қабылдады.

 

Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің музейінде Абайдың 1938 жылы жарыққа шыққан өлеңдер жинағы сақталып тұр. Латын қарпімен жазылған жинақтың елімізде санаулы данасы ғана қалған.

 

Студенттерге Абай туралы жиі айтамыз, дейді музей меңгерушісі. Өте дұрыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы мақала жазғандағы мақсаты да сол. Абай туралы айту керек. Абайды келер ұрпақ біліп, тағылым алуы тиіс. Абай әлемдік әдебиеттің тұлғасына айналып, қазақ ұлтының болмысын жаһан тануы қажет. Абай шығармаларын талдап, біраз еңбегін арнаған профессор Ғарифолла Есім Президенттің «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек» деген ойын толық қолдап отыр.

 

Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Абайдың арманы «толық адам» еді. Сонда ақылды адам, жүректі адам, жүректі болғанда, ол мейірімді адам деген сөз. Қайратты адам, қайратты болғанда, талмайтын Махамбеттер сияқты. Осының біреуі алға кетіп, қалғаны қалып қойса, қиын болады. Осы үшеуі табиғи үйлесім табуы тиіс, ол табиғи үйлесім тапқан кезде, ол толық адам болады. Ондай адамдардан биік-биік тұлғалар шығады.

 

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

– Абай бірлік, тұтастық, ынтымақ алдымен қазақтың өзінің ішінде болуы керек, содан кейін барып біз сол арқылы адамзатты сүйетіндей, адамзатты бауырымызға тартатындай биік дәрежедегі интеллектуалды халық болып қалыптасуымыз керек деген дүниені Президент өзінің мақаласында ерекше мән беріп айтқан.

 

Иә, ынтымағы берік, өмірі бейбіт елдің ғана болашағы бар. Жалпы адам жайлы өмір сүріп, білім алып, ұрпағын тәрбиелеу үшін еңбек етуі керек. Ал енжарлық, жалқаулық, масылдық туралы Абайдан асырып айтқан адам жоқ. Білімнің қажеттілігін Абайдың көп өлеңінен оқисыз. Данышпан дінді де, заңды да, адамгершілік пен азғындықты да түсінгенге жеткізіп айтты. Ендеше Мемлекет басшысының Абайға құлақ асайық дегенін тек қолдау керек.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Сонымен қатар орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.

 

Президенттің мақаласын оқысаңыз, бар ойын бірден түсінесіз. Абайдың шығармашылығын насихаттау арқылы рухани даму керектігін жеткізді. Ал ақынның 175 жылдығын тек тойлап қоймай, одан тағылым алу керек деді. Иә, даурықпа той, мағынасыз мереке болмауы тиіс. Биыл Абайға арналған 500-ден астам шара өтеді. Жер-жерде халықаралық ғылыми конференциялар көп ұйымдастырылады. Ақынның өлеңдері 10 тілге аударылады.

 

Жанат Әскербекқызы, ақын, әдебиеттанушы:

– Бұл торқалы тойдың мемлекеттік, халықтық деңгейдегі маңызы өте үлкен. Жалпы бұл той не береді? Дүбірлі тойдың халыққа берер тағылымы қандай? Бұл мәселеге келетін болсақ, мемлекеттігіміздің, ұлттығымыздың, адамгершілік биігіміздің, ғылым мен білім кеңістігінде алар орнымыздың барлығында да Абайдың сөзі, мұрасы, Абай көрсеткен бағыт болу керек. Осы тұрғыдан келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақласында Абайға арнап өткізілетін шаралардың әрқайсының маңызына тоқталып, оның ұрпаққа берер тағылымына ерекше назар аударған.

 

Нартай Жүсіп, филология ғылымдарының докторы:

– Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алсақ та, қоғам үшін қажетті не керек, соның бәрі жазылған. Адам бойындағы ақыл, қайрат яғни жүрек керек деп келтіреді. Абайдың өлеңдерінде «Талаптың мініп тұлпарын» деген өлең жолдары бар. Сондықтан жастарға талаптың керек екендігі, 21 ғасырда Қазақстан өркениетті елдердің арасында өзінің орнын алуы үшін де ғылым, білім керек.

 

Президент мақаласында Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтаудың шетелдерде жалғасатынын жазды. Ресейдегі, Франция мен Ұлыбритания және басқа да мемлекеттердегі елшіліктер жанынан Абай орталықтарын құру жоспарланған. Ал елімізде Абайдың туған жері Семейден бастап барлық өңірде түрлі шаралар ұйымдастырылады. Ал әдебиет саласында Абай Құнанбаев атындағы мемлекеттік сыйлық болады. 
 

Please reload

© 1999-2019  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon