top of page
Поиск

Британияда қазақстандық студенттер үшін бос орындар жәрмеңкесі өтті


Ұлыбритания астанасында білім алып жатқан қазақстандық студенттер үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада отандық компания өкілдері жастарды жұмысқа шақырып, қызметке орналасудың қыр-сырымен бөлісті.


Дәулет Батаев - әлемнің озық оқу орындарының бірі UCL университетінің студенті. Оқу шығындарын ата-анасы көтереді. IT саласының болашақ маманы қазірдің өзінде америкалық инвестициялық банктің Лондон қаласындағы өкілдігіне жұмысқа шақыру алып үлгерген.


Дәулет Батаев, UCL университетінің студенті:

- Университет бітіргеннен кейін мен Қазақстанда көп нәрсе жасай аламын деп ойламаймын. Бірақ осы жерде тәжірибе жинап алсам және басқа компанияларда жұмыс жасап, Қазақстанның дамуына үлкен үлесімді қосқым келеді.


Құнды кадрлер Қазақстанға бүгін керек. Осы мақсатты көздеген отандық бірнеше компания өкілдері Лондонға ат басын бұрды. Олар қаржы, мұнай, құрылыс және басқа да салалар бойынша маман іздейді.

Мэтью Молино, мұнай компаниясының өкілі:

- Бұдан бөлек біз Назарбаев университетімен де жұмыс істейміз. Бірақ мұнда халықаралық білімі бар магистранттар мен докторанттар шоғырланған. Және біз өз компаниямызға жоғары сапалы мамандарды тартқымыз келеді.


Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі мен PhD студенттер қауымдастығының бұл үшінші жыл қатарынан өткізіп отырған шарасы. Алдыңғы жәрмеңкелерде оннан астам жас маман жұмысқа тартылып, жиырмадан көбі кадрлік резервке алынған.


Әлия Сембаева, Ұлыбританиядағы қазақстандық PhD қауымдастықтың президенті:

- Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық студенттерге деген сұраныс жоғары. Инженерия, қаржы және заң саласы бойынша білім алып жатқандарға қызығушылық артып отыр.


Бұл жылы жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірушілердің саны көп болды. 130-дан астам студент бағын сынау үшін Лондонға жиналды. Олардың арасында өз қаражатына оқып жатқандармен қатар «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттер де бар.


Ақпарат көзі: 24.kz

bottom of page