top of page
Поиск

Қазақстанда еңбекақыны көтеру қалай жүзеге асырылып жатыр



ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов Қазақстанда еңбекақыны арттыру қалай жүзеге асырылып жатқанын айтты.


Министр өз сөзінде халықтың табысын арттыру бүкіл Үкімет жұмысының басым бағыты екенін атап өтті.


«2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28-ден 42,5 мың теңгеге дейін артты. Бұл шамамен 1,3 миллион адамға, оның ішінде 275 мың азаматтық қызметшіге тікелей әсер етті. Маусым айынан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін артты. 1 млн-нан астам азаматтық қызметші жоғары жалақы алды. Қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрады», – деді Біржан Нұрымбетов.


Ол сондай-ақ 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мәдениет және архив қызметкерлерінің, педагогтердің және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы тағы да орта есеппен 30%-ға артқанын атап өтті.


«Сонымен қатар 2019 жылы 205,6 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 32,7%-ға арттыру міндетін өз мойнына алды. Жалақыны көтеру мониторингі үнемі жүргізіледі», – деді Біржан Нұрымбетов.


Ақпарат көзі: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі

bottom of page