главная

Қашықтан оқыту: Оқушылар мен ұстаздар қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі

March 30, 2020

 Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Біз қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы туындауы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Сонымен қатар ол шалғайдағы ауылдарда оқушыларды оқытуға қатысты түсінік берді.

 

«Эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырудамыз, тағы бір мәрте атап айтамын – тек қарастырудамыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда», - деді А. Аймағамбетов.

 

Осы орайда ведомство басшысы жаңа режімде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес екенін, біраз күш-қуатты талап ететінін жеткізді.

 

«Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екені рас. Біз бастапқы кезеңде оқушылардың ата-аналары тарапынан да, педагогтер тарапынан да көп сын айтылатынына дайынбыз және әрқашан ашық диалогқа шақырамыз. Ата-аналар, педагогтер мен оқушылар арасындағы пікірталасты мұқият қадағалап отырамыз және қашықтан оқытудың қол жетімділігін арттыратын тиімді шараларды қабылдауға дайынбыз. Қандай да бір проблема туындаса, Сіз әрқашан Білім және ғылым министрлігіне хабарласа аласыз. Біз проблемаңызды шешуге көмектесуге тырысамыз. Бұл ретте ұлағатты ұстаздарымызға алғысымды білдіргім келеді! Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Еліміз мұндай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады. Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін», - деді Асхат Аймағамбетов. Бұдан бұрын хабарланғандай, министр уақытша қашықтан оқыту қалай жүргізілетінін түсіндірген болатын.

Please reload

© 1999-2020  Редакция республиканского журнала "Современное образование"

МЫ В СОЦИАЛЬНЫХ СЕТЯХ

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon