top of page
Поиск

ҰБТ-дан шығарылған түлектер қаңтардағы сертификатпен оқуға түсе алады


ҰБТ ережесін бұзып, биыл тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған түлектер қаңтар айындағы тест сертификатын пайдалана алады. Бұл туралы ҚР Ұлттық тестілеу орталығы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Достар, егер сіз ҰБТ-ны 2020 жылдың қаңтарында тапсырып, шекті балл жинаған болсаңыз, сол сертификатпен ЖОО-ға ақылы негізде түсе аласыз. Өйткені заңның кері күші болмайды, тіпті маусым айындағы тестілеуге кірмесеңіз немесе маусымдағы ҰБТ нәтижеңіз жойылған болса да, қаңтар айының ҰБТ сертификаты жарамды болып қала береді», - дейді тестілеу орталығы.


Айта кетейік, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз). Бұл ретте, оқуға түсушілер білім гранты конкурсына қатысу үшін маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет.


Биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Тестілеудің алғашқы күні 6 186 адам қатысып, 164 талапкер ереже бұзды және биыл тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ал 22 маусымда – тестілеудің екінші күні республика бойынша 9 748 талапкер қатысып, оның 261-і аудиториядан шығарылды.

bottom of page