top of page
Поиск

Қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы 20-30 пайызға өседі


Биылғы оқу жылында ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы 20-30 пайызға артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Тиісті тапсырманы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап жүзеге асыруды тапсырды.


«Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша тапсырма берген болатын. Жалпы министрлікке қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруіміз керек. Бұл мәселені сіздермен талқылаған болатынбыз. Бұл жай көтерген мәселе емес. Сіздердің бюджеттеріңіз бойынша тиісті мамандар талдау жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде осындай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, осы мәселені 1 қыркүйектен жүзеге асыруды тапсырамын», - деді министр ведомство аппаратының онлайн жиналысында.


Сонымен бірге министр ЖОО-дағы грант құнын өсіру туралы Үкімет қаулысы қабылданғанын, бұл шараның оқытушылардың жалақысын өсіруге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.


«Өткен жылы – 2019-2020 оқу жылында барлық оқу орындары жалақыны орта есеппен 20 пайызға көтерген болатын. Ал 2020-2021 оқу жылында оқытушылар жалақысын шамамен 21-32 пайызға дейін көтеру күтілуде. Бұл бағыт бойынша барлық ЖОО жұмыс істеп жатыр», - деді ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.


Еске салсақ, осы жылдың мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейтуді тапсырған болатын.

bottom of page