top of page
Поиск

Елорда оқушыларына қосымша 34 мың компьютер сатып алынады



Елордалық оқушыларға қосымша 34 мыңнан астам компьютер сатып алынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Өздеріңіз білетіндей, жаңа оқу жылы 5-11 сыныптар үшін қашықтан басталды. Ата-аналардың өтініші негізінде 1-4 сыныптар үшін барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып мектептерде кезекші сыныптар ашылды. Бүгінгі таңда елорда мектептерінде 3 мыңнан астам кезекші сыныптар жұмыс істейді. Ондағы балалардың саны – 35 мың. Бұл жалпы бастауыш сынып оқушыларының 40 пайызын құрайды», - деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.


Оның атап өтуінше, үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету мақсатында мектеп қорынан оқушылар мен мұғалімдер 9 700 компьютерлік техникамен, 22 600 роутермен қамтамасыз етілді.


«Сондай-ақ, 34 472 компьютерлік техника сатып алынады. Үкімет резервінен 26 472 компьютерлік техника сатып алуға бюджеттік қаражат бөлінді және қосымша жергілікті бюджеттен 8 мың ноутбук сатып алынады», - деді басқарма басшысы.


Шолпан Қадырованың айтуынша, осы жылдың 7 шілдесі мен 7 тамызы аралығында Білім басқармасының сайтында Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдары үшін компьютерілк техниканы сатып алу бойынша коммерциялық ұсыныстар қабылдау туралы хабарландыру жарияланды. 10 әлеуетті жеткізушіден коммерциялық ұсыныс түсті.


«Осыған байланысты, Мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау қағидаттарын сақтай отырып, ең төмен бағаларды ұсынған өнім берушілер «BSB Trade&Advertising« ЖШС, «Data line 24« ЖШС, «Best buy 01« ЖШС-мен шарт жасасу туралы шешім қабылданды. Өнім берушіні таңдау комиссиямен жүзеге асырылды, оған «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі қатысты», - деді ол.

bottom of page