top of page
Поиск

Рауан Кенжеханұлы: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 77 кітап аударылды


2017 жылдың сәуір айынан бері 77 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілді. Бұл туралы елорда әкімдігінде өткен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы Ұлттық аударма бюросының жұмысы туралы брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мақсаты – дүние жүзіндегі ең ілгері жоғару оқу орындарының бағдарламаларына кірген, әлем бойынша білім беру саласында кеңінен қолданылатын оқулықтарды қазақ тіліне аударып, біздің студенттерге жеткізу. Жобаны іске асырмас бұрын біздің елдегі жоғары оқу орнынан қандай оқулықтарды аудару керектігі туралы ұсыныс сұрадық. Жауап ретінде 800 кітаптың тізімі келді. Арнайы жұмыс тобы негізгі талаптарды анықтап, соның негізінде жыл сайын 30 оқулықтан бекітіп беріп отырды. Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған 2017 жылдың сәуір айынан бері 77 оқулықты аударып, басып шығарып, еліміздегі 132 жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізіп бердік. Барлық мемлекеттік және жеке меншік оқу орындарын қамтыдық. Тағы 23 оқулық аударылып болды. Олар баспаға дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін ол оқулықтар да жоғары оқу орындарына жеткізіліп, осы жылы бұл жобаның қорытындысы шығарылады», - дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.


Оның айтуынша, аталған оқулықтарды аударуға, дайындауға еліміздегі барлық ұлттық университет мамандары кеңінен қатысқан.


«Жалпы алғанда 300-ге тарта ғалымдар, редакторлар, аудармашылар оқулықтарды ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударды. Аудармашылар тіл білетін ғана емес, сол пән бойынша білімі бар мамандар болды. Тілінің жатық болуы үшін ғылыми, әдеби редакторлар еңбек етті. Бұл оқулықтар жоғары оқу орындарының кафедраларында талқылаудан өтті. Осылайша бірнеше сатыдан тұратын сапаны қамтамасыз ететін жүйе қалыптасты», - дейді ол.



bottom of page