top of page
Поиск

Көкшетауда оқушылардың жаппай уланғаны рас па?


Өткен аптада Көкшетаудағы №2 мектеп-лицейі бастауыш сыныбының 80-нен астам оқушысы өздерін жайсыз сезінгенін айтқан болатынбыз, деп хабарлайды «Хабар 24».


Олардың біразының осы күнге дейін денсаулығы қалыпқа келді деп мамандар мәлімет таратқанымен, желіде, балаларды мазалаған белгісіз дерттің беті қайтар емес деген ақпарат желдей есіп жүр. Тіпті, зардап шеккен оқушылардың қатары 200-ден асып кеткен көрінеді. Алайда, жергілікті билік өкілдері мен дәрігерлер бұл ақпарды жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, 82 баланың бүгінде жартысынан астамының денсаулығы дұрысталып, сабаққа қайта келген. Қалғандары да дәрігерлік анықтаманы алған соң мектепке барады. Тек екі бала ғана қазір ауруханада жатыр. «Олардың жағдайы жақсы», –дейді дәрігерлер. Ал жалпы, осыншама баланың өздерін жайсыз сезінулеріне не себеп болғанын қазір ешкім нақты айта алмай отыр. Тек бір белгілісі, олар тамақтан уланбаған.

Айнагүл Мусина, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Мектептің асханасы тексерілді. Алынған сынамалардан ешқандай кемшіліктер анықталған жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, өздерін жайсыз сезінген 80 баланың 30 проценті асханадан тамақтанбаған. Сондықтан, олар мектептегі тамақтан уланды деуге негіз жоқ. Алдын ала болжам бойынша оқушылар ғимаратты желдетпегеннен немесе вирустардың таралуына жол ашатын басқа да жағдайлардан уланған болуы мүмкін.

Бейбіт Жүсіпов, қала әкімінің орынбасары:

– 250 бала осы мектепте бүгінгі таңда сабаққа келмейді деген ақпарат, ол бекер ақпарат. Жалпы, қала бойынша ол күнделікті процесс 4-5 пайызға дейін балаларға сабаққа қатыспайды. Оларда белгілі себептер бар. Жаңағы суық тиіп ауырғандар, кейбіреулер тіс ауруларына шалдыққан. Кейбір балалар кешігіп қалатын жағдайлар бар.

bottom of page